ТҮРКІСТАНДА ЖУРНАЛИСТЕР АРАСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ӨТЕДІ

1409
5 сәуірде Түркістан қаласында шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында «Жаңарған Түркістан» республикалық турнирі өтеді. Жарыстың мақсаты – жұртшылықты бұқаралық спортқа баулу, журналистер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, Түркістанды спорт орталығы ретінде дамыту. Сонымен бірге жаңа облыс орталығы – Түркістанның оң имиджін қалыптастыру көзделген.
Дүбірлі бәсеке қарсаңында республикамыздағы беделді телеарналар мен басылымдардың журналистеріне өңірдегі киелі орындар мен кәсіпорындарға пресс-тур ұйымдастырылады. БАҚ өкілдері Түркістан қаласындағы құрылыс нысандарын да аралап көреді. Сонымен бірге Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы халықаралық бокс турнирінің финалдық бәсекелерін тамашалайды.
Бүгінде «Жаңарған Түркістан» республикалық турниріне Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен БҚО, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, СҚО және Түркістан облысының журналистерінен құралған командалар қатысуға өтініш білдірген.
Турнир 5 сәуірде Түркістандағы «Астана» спорт кешенінде өтеді. Бірінші орын алған командаға 500 мың, екінші орынға – 300 мың, ал, қола жүлдегерге 150 мың теңге тапсырылады. Сондай-ақ турнирдің үздік қақпашысы, шабуылшысы, қорғаушысы және ең мықты ойыншысына марапатталса, тағы 3 ойыншыға О.Жарылғапов, Ә.Нұрмаханов және Б.Саттарханов атындағы арнайы жүлделер тапсырылады.
Республикалық турнирдің ұйымдастырушысы – Түркістан облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы.
Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі