Түркістанның рухани-мәдени орталығында инфрақұрылым қарқынды салынып жатыр

885
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен Түркістан қаласын дамыту бағытында атқарылған жұмыстар талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімі Рашид Аюпов «Әзірет сұлтан» қорық мұражайының аумағын абаттандыру жұмыстары мен рухани-мәдени орталығының алаң ішіндегі инженерлік-инфрақұрылымның жүргізілуі барысын баяндады. Рухани-мәдени орталығының алаң ішіндегі инженерлік инфрақұрылымы қарқынды дамуда. Қала басшысының мәлімдеуінше, «Әзірет сұлтан» қорық мұражайында да су және кәріз жүйесі толық аяқталған. Су бұрқақтың бетон құю жұмыстары 85%-ға орындалған. Құрылыс алаңында 140 жұмысшы және 13 техника жұмылдырылған.
Аймақ басшысына сондай-ақ, Түркістан қаласындағы Тұңғыш Президент саябағының құрылыс барысы таныстырылды. Саябақ аумағында қазір 1 867 түп ағаш отырғызылған.
Өмірзақ Шөкеев Түркістан қала әкіміне шаһарды таңертең және кешке екі рет аралап, құрылыс және абаттандыру жұмыстарын бақылауда ұстауын тапсырды. 32 сектордың жұмысын да тексеріп отыру қажет, деді аймақ басшысы.
Жиында, сонымен қатар Мақтаарал мен Төле би аудандарындағы төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстары талқыланды.