Ұлттық кеңес «ұлттық» болуы үшін не істеуі керек?

785

Қазір қоғамда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жайында әр қилы әңгіме көп. Әрине ешкімнің аузына қақпақ бола алмайсың. Әркім өз айтқанын дұрыс санайтын заман. Дегенмен атауының өзі көңілге қоныңқырамайтын бұл кеңесті жауып тастау керек деген әңгіме көп. Неге? Оның өзіндік себептері бар. Осы жайында бірер ауыз сөз айта кетейін.

Бұл кеңестің құрамында мен алты ай болғанмын. Сондықтан Ұлттық кеңестің жай-жапсарымен біраз таныспын. Рас, әу баста президент Тоқаев Ұлттық кеңес құру жөнінде шешім қабылдағанда, «елде саяси реформалар басталды» деп қуанып, президентті қолдағандардың бірі едім. Дегенмен кеңестің құрамына еніп, жұмыс бастағанда көңілім толыңқырамады. Өйткені Ұлттық кеңестің қолында ешқандай құзірет жоқ еді.

Кеңес мемлекеттің дамуына, қоғамның ашықтығына, экономикаға серпін беруге, әлеуметтік саладағы түйткілдерді шешуге, халық пен билік арасында диалог орнатуға септік бола ма деген ойда едім. Өкніштісі олай емес екен.

Рас, халықтың көкейіндегісін билікке жеткізуге, жақсы бастамалар көтеруге мүмкіндік болды. Біраз өзекті мәселелер көтерілді де. Бірақ олар шешімін тапты, билік кеңесте көтерілген бастамаларды іліп әкетті деп айта алмаймын. Өкініштісі, содан болар жақсы бастамалар аяқсыз қалып жатыр. Ол үшін не істеу керек? Ұлттық кеңес жай ғана қатардағы көп ұйымның біріне айналмауы тиіс. «Ұлттық» деген атау тұрған соң, белгілі бір деңгейде құзіреті болуы тиіс еді. Алайда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – Қазақстан Республикасының президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган ғана.

Тағы бір айта кететін жайт, Ұлттық кеңестің негізгі мақсаты – жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау. Бар қызметі осы. Бұдан не пайда? Мұндай ақыл-кеңес беретін топтар президент айналасында жеткілікті емес пе? Демек, осы тұста ойлану керек.

Меніңше, осы кеңесте мемлекеттің, ұлттық қамын ойлайтын, сол үшін жан тәнімен қызмет етуге бар, не бір мықты, білімді, білікті азаматтар жетерлік. Соларды кеңестің шеңберіне тығып қоймай, парламентке тарту. Яғни алда келе жатқан Мәжіліс сайлауында соларды іріктеп алып жатса құп болар еді. Өйткені халыққа белгілі бір жағдай, Мәжілісте көбіне жасы келгендер, ешқандай идея, бастамалары жоқ, кездейсоқ депутат болғандар баршылық. Соларды кетіріп, Ұлттық кеңесте отырған ұлтым дейтін азаматтарды депутаттыққа тартса, онда парламентте серпіліс болып, «қан жаңарар» еді. Қозғалыс болар еді. Мәжіліс халыққа бір табан жақындар еді, ұлттың сөзін сөйлеп, ұлттың тіліне жан бітірер еді.

Ал, олай болған жағдайда бірер жылдан кейін Ұлттық кеңестен еш мән қалмайды.

Азаматхан Әміртайдың жазбасы

Abai.kz