«ҰЛЫЛАРДЫҢ ҰЛЫСЫ — АБАЙ»

1816
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы жайлы баса айтылған. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу — бүгінде мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналып отыр. Сананы жаңғырту арқылы еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашылатыны баршаға белгілі.
Рухани жаңғыру дегенде ең алдымен біздің жадымызға ұлтымыздың паспортына айналған ұлы Абайдың есімі оралатыны анық. Елбасы: «Абай — қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болуы жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер. Абай — әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға», — деген болатын.
Мұның үстіне биыл егемен елімізде ұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттық жаңа әдебиеттің негізін қалаушы, аудармашы, композитор, хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы кеңінен атап өтілуде. Осыған орай жер-жерде үлкенді-кішілі ізгілікті де игілікті іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай
және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деп аталатын бағдарламалық мақаласы да қалың жұртшылыққа терең ой тастап отыр. Президент: «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп білімді игермейінше биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол: «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», — деп тұжырымдап, керісінше ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың: «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынумыз қажет», — деп өскелең жас ұрпақты білім мен ғылымды терең меңгеруге үндеп отыр.
Былтырдан бері Абай шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы игі дәстүрге айналғаны көңілге қуаныш сезімін ұялатуда. Ләйлім атты оқушы қыз ұсынған бұл елдік шараға Мемлекет басшысының өзі де қатысып, қолдау көрсеткені қандай ғанибет.
Күллі әлемді жайлаған қазіргі коронавирус індеті кезеңінде де кітап оқу үрдісі тоқтап қалмай, өзінің жарқын жалғасын табуда. Шымкент қаласындағы біздің Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің педагогикалық ұжымы мен студент жастары
да қол қусырып қарап отырған жоқ. Осылайша біз қазақтың ұлы ақынының туғанына 175 жыл толуына орай «Ұлылардың ұлысы — Абай» атты тақырыпта оның өлеңдерін оқу эстафетасын жалғастыруды ниет еттік. Бұл онлайн байқауына қатысқан студент жастар Абайдың тәлім-тәрбиеге толы өлеңдері мен қара сөздерін жарыса оқуымен ерекшеленді.
Тәуелсіздігімізді алған азғана мерзім ішінде өткенімізді саралап, өшкенімізді жаңғыртып, өскелең ұрпаққа мирас етіп қалдыруға талпынуымыз — бүгінгі өскелең заман талабы, бізге берілген үлкен аманат деп санаймыз. Осы орайда Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетіне қарасты «Гуманитарлық мамандықтар үшін шет тілі» кафедрасы айрықша белсенділік танытқанын бөле-жара атап өтуге болады. Жоғары оқу орнындағы МС 19 1к топ студенттері — А. Тағабай, А. Қойшыбай, Г. Сайын, Ж. Орынбасар, Ж. Ташкенбай, Ө.Убайда, Б. Төлбасы ақынның өлеңдерін жатқа оқу, қара сөздерін мәнерлеп айту бойынша онлайн оқу эстафетасында өздерінің белсенділігін байқатты.
Осылайша күллі Қазақстан халқы сияқты біздің университетіміз де Абай мұрасын тағы бір зерделеп оқу арқылы мұның бәрі ақынға деген құрмет пен өскелең жас ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі екенін көрсетіп отыр. Абай өлеңерін оқу челленджі биылғы ақын мерейтойы тұсында жаңаша үрдіспен жанданады деп сенеміз.
Халқымыздың санасына данышпандық дүниетанымымен терең бойлап, айрықша із қалдырған Абай шығармалары алдағы уақытта да біздің бәрімізді ақиқат жолына бастап, таусылмас рухани азық болып қала берері сөзсіз. Абай өсиеттерін бойына терең сіңірген жандар неғұрлым көп болса, халқымыз да соғұрлым парасат биігіне жоғарылай бермек.

Закира ЕМКУЛОВА,
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті
филология факультетіне қарасты
«Гуманитарлық мамандықтар
үшін шет тілі» кафедрасының
аға оқытушысы.
Шымкент қаласы.