Заң жобасы: Ауыл мен қала мұғалімдеріне қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі

1091
Астана педагогтарының жалақысына 25 пайыздық үстемеақы қосылады. Бұл туралы бүгін елордадағы №59 мектепте өткен қоғамдық тыңдау барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Сәуле Қабимолдаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ауылдық жерде жұмыс істейтін педагогтарға жергілікті атқарушы органдардың шешімімен қалалық жағдайда жұмыс істейтін ставкаларымен теңдей тарифтік ставка мен  жалақысына кемінде 25 пайыздық үстемеақы белгіленеді. Коммуналдық қызметтерге төлем жасау, бюджет қаражаты есебінен отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсетіліп, жеке баспана салуға жер учаскесі бөлінеді», — деді ол.
Сонымен қатар ауыл мұғалімдерінің қорасында малы болса жем-шөбіне көмек көрсетіліп, мал жайылымы белгіленеді. Ауылға жұмыс істеу үшін қоныс аударып келген мұғалімге жергілікті әкімдіктің шешімімен көтерме жәрдемақы беріліп, баспана сатып алуға немесе салуға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Педагогқа   жергілікті бюджет есебінен күнтізбелік жылда бір рет сауықтыру жәрдемақысы төленеді және кемінде екі лауазымдық жалақы төленіп, кезекті еңбек демалысы беріледі. «Жергілікті атқарушы органның шешімімен Қазақстан астанасында жұмыс істейтін педагогтарға лауазымды жалақысының 25 пайызынан кем емес көлемде лауазымды жалақыға коэффициент белгіленеді», — деді директордың орынбасары.