Зауытбек Тұрысбеков туралы бір үзінді сыр

910
«Әр қазақ менің жалғызым» деген қанатты сөзді қастер тұтатын азаматтың тәуелсіздік тұғырын тіктеуге әлі де атсалысатынына сеніміз мол.
Қазақстан республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, егемендіктің іргесін қалыптастыруға ерен еңбек сіңірген қазақтың арда азаматы Зауытбек Тұрысбеков 68 жасқа толды.
Заманынан озып туған Зауытбек Қауысбекұлы саналы ғұмырында, қазақтың бұрынғы өткен тарихын түгендеп, жас буынның санасында жаңғырту ісіне бар күш-жігері мен қарым-қабылетін сарп етті. Еңбек жолында талай жоғары мемлекеттік лауазымды абыроймен атқарған ол қазақтың бұрынғы өткен от ауызды, орақ тілді би-шешендері мен ел ертеңі үшін жаумен күрескен тарихи тұлғалардың тағдырына алаңдаушылық білдірді. Елім деп еңіреп өткен есіл ерлердің есімдерін ел ішінде жаңғыртып, келер ұрпақтың жадына сіңіру үшін қолынан келгенін аямады.
Біз қазақ елінің өткені мен бүгініне бейжай қарамайтын, өршіл рухты, намысқой азаматтың атқарған еңбегіне қысқаша шолу жасауды жөн санап отырмыз.
Айталық, Зауытбек Тұрысбеков 1993-97 жылдары Түркістан облысының (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) әкімі болып тұрған кезде, маңайына өңкей жақсы мен жайсаңды жинап, солардың қолдауымен Бәйдібек бабаның кесенесін салуды ойға алды. Ел ішінде қиындық жайлап, аумалы-төкпелі болып тұрған шақта тоқыраудың тегеурініне дес бермей, ілкімді іске қаражат табудың амалын қарастырды. Ырымшыл халықпыз ғой, «Өлі разы болмай, тірі байымайды», деген нақылға сүйене отырып, еліміздің оңтүстігінде Бәйдібек бабаның кесенесі бой көтерді. Оның ізін суытпай, осы кесене жанынан «Бес ана» ескерткіші орнатылды. Білікті басшы Зауытбек Тұрысбековтың бастамасымен сол өңірде тағы бірқатар тарихи-мәдени нысанның құрылысы қолға алынды. Солардың бірі – тарихта Домалақ ана есімімен белгілі — Нұрила апаның кесенесі болатын. Содан бері Маңғыстаудың ақ тасынан қашалып жазылған тарихи тұлғаның есімі ел ішіне тарап, еңселі ескерткіші туристердің жиі баратын орнына айналды. Одан кейін, осы оңтүстік өңірдегі үш жүздің басы қосылған тарихи мекен – Ордабасында қара қылды қақ жарып, ел ішіндегі дау-дамайға әділ төрелігін айтқан қазақтың атақты үш биіне стелла орнатылды. Адалдық пен бірліктің нышанына айналған Төле би, Әйтеке би және Қаз дауысты Қазыбек бидің ескерткіші елдің еңсесін тіктеп, қазіргі буынға асқақ рух беріп тұр. Осы игі істің басы-қасында тұрған Зауытбек Қауысбекұлының ел тарихын жаңғырту жолында жасаған игі істері мұнымен шектелмейді.
Ол 2007 жылы Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметіне тағайындала салысымен, көрші елде қазақтың тарихын жаңғыртуға бел шеше кірісті. «Өз ағам өзекке теппейді», деген қағиданы алға тартқан азамат Өзбекстанның Новаи облысына қарасты, Нұр ата дейтін жерінде Әйтеке би мен оның бабасы Сейітқұл әулиеге кесене тұрғызды. Өзбек билігін осы іске көндіре отырып, кейін кесенені үлкен тарихи кешенге айналдырды. Бұл ілкімді істі атқаруға Зауытбек Тұрысбеков өзінің жора-жолдастарын шақырып, «жеті атымтай жомарт» деген желеумен кешеннің құрылысына қаржы тарттты. Іле-шала Өзбекстанның астанасы – Ташкенттегі Төле бидің кесенесін қайта қалпына келтіріп, жаңғырту шарасына рұқсат алды. Ираннан жартылай құнды Оникс тасының 7 тоннасы арнайы алдырылып, ресми құжат бойынша бұған дейін Қарлығаш би деп көрсетілген жазу өзгертілді. Сөйтіп, кесене ішіндегі тасқа Төле бидің аты қашалып жазылды. Нысанның ішін алтынмен аптап, күміспен күптеу үшін Самарқанд пен Бұқарадан он саусағы майысқан ең мықты ұсталар мен шеберлер алдырылды. «Елдестірмек елшіден» дейді. Осы іс ойдағыдай жүзеге асырылғаннан кейін Зауытбек Қауысбекұлы Ташкенттің төрінен 2 гектар жер алып, Қазақстан елшілігі ғимаратының жобасын әзірлеуге күш салды. Осындай ұйымдастырушылық және іскерлік қабілетімен көзге түскен азамат көп ұзамай, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне ауыстырылды. Ол жақта да Зауытбек Қауысбекұлы осы игі ісін жалғастырудан жалықпады.
Аюдай ақырған алып елдің дипломаттарын дегеніне көндіре отырып, Астарахан облысында Бөкейханның 21 метрлік кесенесін тұрғызды. «Алып анадан туады», демекші осы істің ізін ала, Жәңгір ханның анасына арналған биіктігі 10 метр болатын кесене салынды. Екінші дүниежүзілік соғыстағы қанқұйлы шайқастан елге қайтып оралмай, із-түссіз жоғалып кеткен 10 мың қазақ жауынгерінің есімі архивтен ақтарылып, 100 және 101-атқыштар дивизияларының құрметіне Ржевте батырлардың аты-жөні жазылған еңселі ескерткіш орнатылды. Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай, Мәскеудің Крюково станциясындағы көзі тірісінде өзі барған мектепке қазақ батырының есімі берілді. Сонымен қатар, Ресей жеріндегі қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұлова атындағы мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта жаңғыртылды. Бұл мақсаттарға Ақтөбе және Жамбыл облыстары әкімдерінің қолқабыс етуімен елдің қалталы азаматтары 1 миллион доллар қаржы бөлді. Игі шараның бастан аяқ жүзеге асырылуын Зауытбек Тұрысбеков тікелей бақылауына алып, өз тарапынан қазақтың Ресейдегі елшісі ретінде қажетті келіссөздерді жүргізіп отырды.
Қазақ тарихын жырақта жаңғырту ісі мұнымен біткен жоқ. Зауытбек Қауысбекұлының ықпалымен Мәскеудегі Покровский бульварына Тұрар Рысқұловтың стелласы орнатылды. Сонымен қатар, Ресей астанасының төрінде 28-Панфиловшылар дивизиясының құрметіне Алматы метросы салынды. Ресейдегі елші ретінде атқарған дипломатиялық миссиясы аяқталған соң, Зауытбек Тұрысбеков қызметін Украина жерінде жалғастырды. Онда елші болып жүргенде де ілкімді іс тындырды. Айталық, Харьковте қазақтың 106-атты әскерлер дивизиясына ескерткіш орнатуға тікелей мұрындық болды. Қанды балақ соғыста қас жауымен қасық қаны қалғанша күрескен, бірақ бүгінгі ұрпаққа есімі беймәлім қазақтың қайсар жауынгерлері жайлы мәліметтер жан-жақтағы мұрағаттардан жинастырылып, «Отан үшін отқа түскендер» атты деректі фильмі жарыққа шығарылды. Жалпы Зауытбек Қауысбекұлының қазақ елінің жер жүзіне қанатын жайып, өркендеуіне қосқан үлесі мұнымен шектелмейді.
Қазіргі таңда ол Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарады. Мұнда да жырақта өгейдің күнін кешіп жүрген этникалық қазақтардың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, шетелдегі қандастардың жігерін жанып, атамекен — тарихи отанға деген сезімі мен рухын ояту жолында тер төгіп жүр. «Әр қазақ менің жалғызым» деген қанатты сөзді қастер тұтатын азаматтың тәуелсіздік тұғырын тіктеуге әлі де атсалысатынына сеніміз мол. Ендеше, егемен елдің жоғын жоқтап, барын түгендеп жүрген ердің жасына жас қосылып, ғұмырының ұзақ болуына біз де тілектеспіз.