Жас режиссердің 10 мың теңгелік фильмі Орталық Азияда үздік деп танылды (ВИДЕО)

1350

«Алдағы уақытта көптеген веб-сериал шығармақпыз. Киноларымызға әртүрлі жанрларды араластырмақшымыз. Мысалы дорама, нетфликс кинолары стильдерін ұштастырамыз», — дейді ол.

«48 сағатта түсіру» байқауы — Орта Азия елдерінің үздік қысқаметражды фильмдер шығаратын алтын қоймасы. Бұған режиссер, сценарист Арман Сапиолданың «Айару» фильмі дәлел. Туынды YouTube арнасына жүктелген. Ал біз режиссердің өзінен сұхбат алып үлгердік, деп жазды bugin.kz.

— Фильм түсіруге идея қалай келді?

— Біраздан бері ойда жүрді. Идеясы «Төртінші өнеркәсіптік революция» кітабынан алынған. Авторы – Клаус Шваб. Кітаптан жұмыссыздық, адамдар орнын роботтар басу, ақша сынды проблемалар қозғалған. Мен де фильм идеясына осыларды арқау еттім. Одан кейін Нетфликстегі «Черное зеркало» дейтін сериалдан да шабыттандым. Осы фильмдер мен ойлардан осындай туынды шықты.

— Демеушілеріңіз кімдер?

— Ешкім спонсор болған жоқ. Фильм 10 мың теңгеге түсірілген. Бұл фильм байқау үшін болғандықтан, түсірілімге екі күн кетті. Бір күн монтаж жасалып, жіберілді. Ал YouTube платформасындағы фильм — өңделген түрі.

— Фильмді қай жерден тамашалай аламыз?

— Фильм YouTube-қа салынады. Себебі мен YouTube блогермін әрі табыс көзі де сонда.

— Байқауда ерекше көзге түсетін тағы қандай фильмдер бар?

— Шынымды айтсам, өзгелерін көрген жоқпын. Себебі онлайн өтті. Бұл байқау Орталық Азия елдері арасында өтетіндіктен, қатысушылар сәйкесінше көп. Оза шабу да қиын. Былтыр «Ұмытпа» атты фильм фантастикалық кино ретінде номинацияланды. Ал осы жылы «Айару» үздік техникалық кино номинациясын алды.

— Бұл салаға қалай келдіңіз?

— Кино түсіруді бастағаныма 2 жылдай болды. Жалпы бала күнгі арманым еді. 10 жылдай монтаж саласымен айналыстым, солай кино саласына келдім. Жалпы өзім кино саласының фанатымын, қазір жұмысыма айналды.

— Тағы қандай кинолар шығару жоспарыңыз бар?

— Алдағы уақытта көптеген веб-сериал шығармақпыз. Киноларымызға әртүрлі жанрларды араластырмақшымыз. Мысалы дорама, нетфликс кинолары стильдерін ұштастырамыз. Дегенмен фильмдер мен веб-сериалдарда міндетті түрде фантастикалық элемент болады, себебі маған бұл ұнайды. Туындыларымды YouTube платформасында жариялаймын. Бір жағынан еңбектеріңді халыққа көрсете аласың, бір жағынан ақша таба аласың.

— Жас фантазерлерге қандай кеңес бересіз?

— Осы жанрға қызығатын жастарға «өзіңе сен» дер едім. Сен бұл жолмен халқыңа, елге пайда келтіре аласың. Бастысы, өзіңнің сүйікті жұмысыңды істеу керек. Сол үшін бәріне сәттілік тілеймін.

Арман Сапиолда блогерлік жолын әртүрлі қызықты видеолар түсіруден бастаған. Ал қазір Арманның qzq атты продакшны көрерменді «Брат, срочно теңге керек» сериалымен, «Толпа дома», «Айару» және «Сыйлық» қысқаметражды фильмдермен қуантқан.