Қанат Исламның жемқорлық дауына қатысы бар — спорт сарапшысы

1837

«Азат алаң» қонағы — спорт журналисі, бірнеше кәсіпқой боксшының PR-менеджері Серік Ноянбайұлы

Спорт журналисі, бірнеше кәсіпқой боксшының PR-менеджері Серік Ноянбайұлы құзырлы органдардан Қазақстандағы үлкен спорттағы жемқорлық деректерге назар аударуды сұрайды. Alash Pride жекпе-жек клубымен, жартылай орта салмақтағы белгілі қазақ боксшысы Батыр Жүкембаевпен түрлі жобаларды жүзеге асырып жүрген азамат кәсіпқой спорт саласында бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсау фактілерінің жиілегенін және оны кейбір спорт мамандарының «майшелпекке» айналдырғанын сынға алды.

«Азат алаң» жобасын сұқбат берген журналист танымал боксшы Қанат Исламның айналасында туындаған дауға қатысты зерттеулер жүргізгенін және «Самұрық Қазына» ҰӘҚ жанындағы Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры арқылы бөлінген қаражатттың мақсатсыз жұмсалғаны туралы деректерді алға тартты. Ол 2017 жылы өткен EXPO көрмесі аясында өткізілген бокс кешіне жұмсалған қаражаттың есебі дұрыс берілмегенін айтады. Осыған байланысты, әлемдік рингте өнер көрсетіп жүрген бірнеше қазақ боксшысының тергеуге шақыртылғаны — бұл саладағы жемқорлықтың өршіп бара жатқанының белгісі деп санайды.

Серік Ноянбайұлы сұхбат барысында ресейлік спорт менеджері Сергей Завилейскийдің Қазақстан бюджетінен қаржы алып, оны мақсатсыз жұмсап жүргенін нақты деректермен дәлелдей алатынын айтады. Ол қазақстандық әйелдер арасынан шыққан кәсіпқой боксшы, тараздық Фируза Шәріповаға қатысты психологиялық манипуляцияға жол берілгенін, спорт маманының жеке мүддесі үшін Қазақстан билігіне қайта-қайта хат жазып, қаражат сұрауын тоқтатпай отырғанын сынға алады. Шетелдік функционер жерлесімізді әлемдік аренаға шығарып, чемпиондық атаққа жеткіземін деген сылтаумен өткен 5 жылда 220 млн теңге бюджет қаржысын алғанын, бірақ ешқандай нәтиже көрсетпегенін мәлімдеді.

Өткен сенбіде Қазан қаласында өткен Фируза Шәріпованың жекпе-жегін «өзіне лайық емес қарсыласпен спарринг өткізу, жанкүйерлерін алдау бойынша шектен шығу» деп есептейді. Қазақстандық спортшыны абсолюттік чемпиондыққа жетелеудің орнына, көзбояушылықпен айналысып, қаржыны ысырап етумен айналысып жүрген Сергей Завилейскийге ел бюджетінен қаржы бөлуді тоқтатып, осы күнге дейінгі Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры арқылы жұмсалған қаражаттың есебін беруді сұрайды. Сондай-ақ IBA и WBC Silver белбеуінен айырылып қалған спортшы қыздың жаттығу жасаудың орнына, қазақстандық ән-би шоуларында өнер көрсетіп жүргеніне арланбайтынына қынжылады.