«Қуат» осылай құлаған. «BI Group», «Базис» сынды құрылыс алпауыттары НЕГЕ қаржылық жағдайын жасырып отыр?

1273

Елімізде жүйеқұраушы деп саналатын, мемлекеттен түрлі жеңілдіктер алып отырған ірі құрылыс компаниялары белгісіз себептермен өзінің қаржылық есептерін интернеттен алып тастаған. Неге?

Демек, олардың табысы шаш-етектен немесе қаржылық жағдайы мәз емес. Алғашқысы болса қуанар едік. Бірақ қаржылық жағдайлары мәз болмаса, онда құрылыс алпауыттарының болашақтағы банкроттығы ел экономикасына үлкен проблемалар тудырып, мемлекеттің тұрғын үй саясатын біржолата тұралатады. Ең бастысы – салынбаған үйге қаржыларын құйып қойған көптеген азаматтар ақшаларын жоғалтып, әлеуметтік наразылықтар соңы түрлі митингтерге ұласпақ.

Фото: bi.group

«Салықтан жалтару мақсатында құрылыс компаниялары көбіне ондаған ЖШС, ИП формасында көптеген ұсақ компаниялар ашып тастайды», – дейді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов. «Мысалы бір құрылыс жобасына арнайы бір компания ашылады. Тіпті көбісі жеңілдетілген 3 пайыздық салық қана төлеу үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі мүмкін».

«Нәтижесінде құрылысшылар тиімді салық мөлшерлемесін 3-5% дейін төмендете алады. Сонымен қатар, дәлелдеуі қиын болса да мынадай факт бар, құрылыс компаниялары кейін бағаны көтеріп сату үшін басқа компанияларға ондаған пәтерлерді алдын-ала өткізіп жібереді»

Құрылыс холдингтері жүздеген компания ашып тастайтындықтан, олардың шын мәніндегі қаржылық жағдайын бақылау өте қиын. Әсіресе, «BI Group» осындай схемаларды жиі қолданады. Және оның салдары өте қауіпті болуы мүмкін. Көп жағдайда құрылыс компаниялары салынып бітпеген нысандары үшін инвестор ретінде қарапайым халықты тартады. Сондықтан олардың кенеттен банкротқа ұшырауы 2007-2008 жылдары басымыздан өткен «алданған үлескерлер» армиясының қайтадан пайда болуына әкелмек.

Екінші жағынан, олар «Қазақстанның тұрғын үй компаниясының» кепілдігін пайдаланған болса, онда мемлекеттік бюджет орасан шығынға батып, құрылысшылардың қателігін халықтың қалтасынан өтеуге мәжбүр болады.

Наурыздың соңғы күндері «BI Group» құрылымына кіретін «Мегастрой лтд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі AIX (МФЦА) биржасына шығып, жылдық 18% ставкамен 6,1 миллиард теңге қаржы тартқан. Елдегі биржалардағы, әсіресе, Қазақстан қор биржасындағы орташа ставкалардың 12 пайыздан аспайтынын ескерсек, «Мегастрой лтд» компаниясының қарызды тым қымбатқа алып отырғанын байқаймыз. Сарапшылардың айтуынша, көп жағдайда компаниялар банктер қаржылық жағдайын саралап, несие беруден бас тартқан кезде биржаға шығып, жоғары ставкамен қарыз алуға мәжбүр болады. Құрылыс компанияларының халықаралық аудиторлардың (үлкен төрттік) тексеруінен өтіп, ашық есеп жариялауы осындай әңгімелерге бірден тоқтау қоя алар еді. Бірақ алпауыттар өзінің қаржы жағдайын тыңғылықты жасырып отыр.

«Әрине, құрылыс компаниялары жеке құрылым болып саналатындықтан теориялық тұрғыдан ешкім оларды есеп беруге мәжбүрлей алмайды. Бірақ, менің білуімше, «BI Group», «Базис» және одан басқа ондаған құрылыс компаниялары мемлекеттен жер алып, тегін инженерлік коммуникациялар тартқызып, мемлекет қолдауын көріп отыр», – деп жалғастырады Расул Рысмамбетов.

«Демек оларды қоғамдық ашық компаниялар деп атауға болады. Сондықтан олардан толық есеп беруді талап ету кәсіпкерлік құқықты бұзу болып саналмайды. Сонымен қатар, құрылысқа қатысты түрлі жанжалдардан кейін мемлекет тәуекелдерді шынымен түсіну үшін бәрібір осындай қадамға баратыны анық»

Nege.kz өз кезегінде құрылыс нарығының екі ең ірі алпауыты – «Bi Group» холдингі мен «Базис» корпорациясына журналистік сауал жолдады.