ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТА СКРИНИНГ ТЕКСЕРУ ЖҰМЫСТАРЫ ТЫҢ ӘДІСПЕН ЖҮРГІЗІЛЕДІ

1474
Шымкент қаласындағы онкологиялық орталықта қатерлі ісік ауруын ерте сатысында анықтау мақсатында скрининг тексерулері сапалы әрі тың әдіспен жүргізілуде.
Жатырдағы ісікті ерте анықтау үшін орталықтағы цито-гистологиялық зертханада жан-жақты тексеріліп, науқастан алынған сынамаға толық талдау жасалады.
Цито-гистологиялық зертханадағы сынамаларды дайындау жұмыстары бірнеше кезеңнен тұрады. Ең алдымен скринингке келген әйелдер емханадағы тексеру кабинетінен өтіп, жатыр мойнынан жағынды алынады. Оны медицина мамандары арнайы контейнерге салып, онкологиялық орталықтағы цито-гистологиялық зертханаға жеткізеді.
Цито-гистологиялық зертханадағы автоматтандырғылған аппараттың көмегімен медицина мамандары жағындыны 1,5 сағат ішінде өңдеп, қажет анализді дайындап шығарады.
Цито-гистологиялық зертхананың меңгерушісі Татьяна Тихонованың айтуынша, анализге цитология әдісімен скринингке қабылданған сәттен бастап, препаратты қарауға беруге дейін 1,5 сағат уақыт кетеді.
– Цитологияны зерттеудің бірінші кезеңінде біз емхана мамандарынан анализдерді қабылдап, түтіктегі сынамаларды арнайы сериялық нөмірмен рет-ретімен белгілеп шығамыз. Содан кейін түтіктегі материалдарды аппаратқа орналастырып, шайқап шығарамыз. Келесі кезеңде түтікшедегі сұйық затты тағы аппаратқа орналастырып, түтіктің түбіне түскенге дейін дайындалады. Түтіктің түбіне түскен бұл тромб сұйық күйге түсіп, түтік негізгі аппаратқа орналастырылады. Онда компьютердің көмегімен автоматтандырылған бағдарлама арқылы жасушалық материалдарға әйнекке бояу жағу процесі басталады. Белгілі бір уақыттан кейін құрылғы әйнекті өзі бояп шығады. Содан кейін әйнекте боялып шыққан сынаманы микроскоп арқылы көріп, ісіктің бар-жоғын анықтаймыз, – дейді цито-гистологиялық зертхананың меңгерушісі.
Зертхана меңгерушісінің сөзінше, цитологиялық тексеру қатерлі ісік ауруын ғана емес, гинекологиялық патологиядағы барлық ауру түрін ерте сатысында анықтап бере алады.
Айта кетсек, бүгінде Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдар цифрландыру жүйесіне көшті. Зертханалық жұмыстар, дәрігерлердің қызметін бағалау, емдеу әдістері және тағы басқалар, ақпараттық технологиялар негізінде жұмыс істеуде.