Жастар арасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру

1140

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының анықтаушылары жастармен кездесті. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінінің алғашқы курс студенттерімен өткен басқосу «Жастар арасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында өтті. Жастар арасындағы қылмыстың алдын алу, оны болдырмау жолдары, сонымен қатар жастар арасында құқықтық сауаттылықты жоғарылату мақсатында ұйымдастырылған шараға Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасы анықтау бөлімінің бастығы полиция майоры О.Әлжанов және аға анықтаушы полиция аға лейтенанты Р.Нұрашев қатысты.

Жалпы, «Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың хас жауы» дегендей, баланың жақсы болмағы отбасы тәрбиесімен қатар, білім ошағындағы тәрбиеге де тікелей байланысты. Себебі, отбасында тәрбие көрген адам оны алған білімімен ұштастырса, оның жемісі саялы баққа айналмақ. Жастар – таусылмас күш пен сарқылмас қайраттың нышаны. Жас ағашты барынша күтіп — баптасақ, түзу өспек. Сондықтан, бала тәрбиесінде, олардың арасындағы қылмысты болдырмауда жұмыла әрекет етейік! Сонда ғана оң нәтижеге қол жеткіземіз.