ҚУЫРШАҚ ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР ТЕАТРЫ МЕРЕКЕГЕ ОРАЙ БҮЛДІРШІНДЕРДІ ҚУАНТПАҚ

915
Шымкент қаласының қуыршақ және жасөспірімдер театры мерекеге орай бүлдіршіндерді қуантпақ, деп жазады қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «ardak.kz» ақпараттық агенттігі.
Қалада бір ғана қуыршақ және жасөспірімдер театры жұмыс істейді. Мекеме бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге қуаныш сыйлау, қуыршақтардың көмегімен ертегілер және қойылымдармен кішкентай достарын қуантуды мақсат еткен.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры Д.Саламаттың «Асыл шөп» қойылымының премьерасын бүлдіршіндер назарына ұсынбақ. Бұл той өзге тойдан өзгерек болғалы тұр. Себебі, мерекеге орай «Балаларды арнайы емдеу орталығының» жасөспірімдері театрдың құрметті қонағы болмақ. Яғни, 1 маусым күні сағат 15.00-де 30 бала, 17.00-де 32 балақай керемет қойылымды бөлініп тамашалайды.
Осындай игі іс-шараны ұйымдастырып отырған Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының ұжымына алғыс білдіреміз. Балақайларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жүздеріне күлкі ұялатар бұл іс-шара өз деңгейінде өтеді деген сенімдеміз.