Мәжіліс: Назарбаев енді «мәңгілік» төраға емес

711

Мәжіліс экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа (Елбасы) Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесін «мәңгілік» немесе шексіз мерзім бойы басқару құқығын беретін бірқатар заңдарға өзгерістер енгізуді мақұлдады. Бұл туралы «BaigeNews.kz» сайты жазды.

«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы» туралы, «Қазақстан халқы Асссамблеясы» туралы және «ҚР Қауіпсіздік кеңесі» туралы Конституциялық заңдарға өзгерістер енгізіліп, Сенатқа жолданды. Соның ішінде енді Қауіпсіздік кеңесі мен ҚХА төрағалы Қазақстан Президентіне берілетіні де қамтылған», — деп жазды Мәжіліс депутаты Қанат Нұров өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Алайда, бүгін өткен Мәжілістің пленарлық отырысында бұл өзгерістер туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Мәжіліс депутаты Снежана Имашева бұл өзгерістердің ресми жарияланбауының себебі – бұл тек формалды өзгерістер деп түсіндіріп, Қазақстан Президенті онсыз да аталған екі ұйымға басшылық жасап жатқанын айтқан.

«Саяси партиялар туралы заң жобасын қарау барысында депутаттар ҚР Президентінің Қауіпсіздік кеңесі мен ҚХА төрағасы екені айшықталған түзетулер енгізді. Бұл онсыз да баршаға мәлім факті. Яғни, қазір бар дүние енді заңда да көрсетілді. Бұл формалды дүние. Сіздер Оның (Назарбаевты меңзеп тұр) бұл лауазымдардан өзі бас тартқанын білесіздер ғой. Қауіпсіздік кеңесі мен ҚХА төрағалығын қазіргі Президентке тапсырып берді. Біз соны заңда нақтылап көрсеттік», — деп пікір білдіріпті депутат Имашева.

Оның айтуынша, «Тұңғыш президент – Елбасы» туралы заңға да өзгеріс енгізілген.

«Оның осы екі ұйымды басқаруға құқығы бар. Сол құқық алынып тасталды, басқа құқықтары (Қауіпсіздік кеңесіне мүше болу, парламент алдында сөйлеу, маңызды мәселелер бойынша үкімет алдында сөйлеу т.б) қалды», – дейді Снежанна Имашева.

Abai.kz