Шымкенттегі мыңдаған мигранттың көбі құқығын қорғай алмайды

1122
Шымкентке жылына Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай және өзге елдерден мыңдаған еңбек мигранты келіп, жұмыс істейді. Сарапшылардың айтуынша, көбіне қауіпті жұмыстарға баратын мигранттардың құқықтары жиі бұзылады, бірақ полицияға аз арызданады. Жергілікті еңбек инспекциясы «жұмыс берушімен еңбек келісім-шартын жасауға құлықсыз мигранттар өз құқықтарын қорғай алмайды» дейді.
ЖАРАЛАНҒАН ӨЗБЕКТЕР

Өзбекстаннан Қазақстанға нәпақа табу үшін келген 55 жастағы Рахмат Тагаймуратов Шымкенттегі кәсіпорындардың біріне дәнекерлеуші болып жұмысқа орналаса сала үш күннен соң ауруханаға түскен. Дәрігерлердің айтуынша, кәсіпорында газ баллоны жарылып, жұмысшы денесінің 30 пайызы күйген. Ауыр халде облыстық аурухананың жан сақтау бөліміне жеткізілген Рахматтың жағдайын дәрігерлер “орташа ауыр” деп бағалайды. Дәрігер Мақсат Мейірбековтің айтуынша, Рахмат Тагаймуратов екі күн ес-түссіз жатқан.

«Қазір жағдайы орташа ауыр, денесінің 30 пайызы күйген. Өміріне қауіп жоқ » дейді дәрігер.
Жарылыстың кесірінен Рахмат Тагаймуратовтың беті, мойны, денесі мен қол-аяғы күйген. Көзін әрең ашып, ауыр тыныс алады. Сөйлеуге дәрмені жоқ, дауысы әрең шығады.
— Жұмысқа келіп, бастағаным сол оқыстан газ баллоны жарылып кетті. Содан кейін не болғанын білмеймін, — дейді ол.

Ол жұмыс берушінің орталыққа жағдайын сұрап келгені-келмегені туралы Азаттық тілшісінің сұрағын жауапсыз қалдырды.

Рахмат сияқты өндіріс кезінде жарақат алған мигранттар Шымкентте аз емес. Екі апта бұрын Өзбекстан азаматы 35 жастағы Шафкат Салаев та ауруханада емделіп, еліне қайтып кеткен. Ол – Шымкенттегі Солтүстік-Батыс шағын ауданындағы жеке тұрғын үйдің бірін салуға келіп, газға уланған. Оның жанындағы екі өзбек азаматы оқиға орнында қаза тапқан. Бұл мәліметті Азаттық тілшісіне Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі айтты.

Шымкент қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының бөлім басшысы Ғалымжан Шариповтың айтуынша, жақында инспекцияға қаладағы кәсіпорындардың бірінде жұмыс істеп жүрген тағы бір өзбек азаматының қайтыс болғаны жөнінде полициядан хат келген.
— Рахмат Тагаймуратов пен өндірісте қайтыс болған Өзбекстан азаматының ісі бойынша анықтау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қалаға келген еңбек мигранттарының басым бөлігі квотасыз жұмысқа орналасады. Олардың қауіпсіздігін біз бақылай алмаймыз, — дейді Ғалымжан Шарипов.

Оның айтуынша, көбіне еңбек мигранттары тіркелмегендіктен олардың жағдайынан полиция да, еңбек инспекциясы да хабарсыз қалады. Бар мәселе сонда дейді.

— Еңбек мигранттарының көбі Өзбекстаннан келгенімен бірде-бірі еңбек инспекциясына тіркелмейді. Қанша адам келіп жатқанын қадағалау біздің құзыретімізге жатпайды. Онымен көші-қон полициясы айналысады. Еңбек мигранты мен жұмыс беруші еңбек келісім-шарты жасамайды. Өндірістегі жазатайым оқиғаларды біз бақылаймыз. Бірақ оқиға туралы жұмыс беруші хабарламайды. Салдарынан мигранттардың құқығы қорғалмай жатыр, — дейді бөлім басшысы.

КВОТАНЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІН ҚЫТАЙ МИГРАНТТАРЫ АЛАДЫ
Миллионға жуық тұрғыны бар Шымкенттегі еңбек мигранттарын ресми тіркеумен екі мекеме айналысады: қалалық еңбек инспекциясы және полиция. Еңбек инспекциясы мигранттарға квота үлестіреді. Мұндай квоталарды үлестіру еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің арнайы ережелері бойынша анықталады. Ал полиция жекелеген жұмыс берушілермен келісетін мигранттарды тіркейді. Заң бойынша, кез-келген шетелден келген жұмысшы Қазақстан аумағында бір жылға дейін еңбек ете алады.
Шымкент қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілі Ғалымжан Шариповтың айтуынша, заңсыз істеп жүрген мигранттарға қарағанда квотамен келген жұмысшылардың жағдайы сәл басқаша. Квотамен жұмысқа орналасқан шетел азаматының қауіпсіздігі, тұрақты жалақымен қамтамасыз ету заңмен қадағаланады.
2018 жылы Шымкентке шетелден жұмыс күшін тарту үшін 3600-ден астам квота бөлінген. Квотаның 3300-ден астамы — білікті маманға, 360-тан астамы жұмысшыға арналған. Қалғаны мекеме басшылары мен орынбасарларына беріледі. Қалада жыл басынан бері 1071 шетел азаматының жұмыс істеуіне рұқсат берілген. Оның мыңға жуығы — Қытай азаматы, қалғаны – өзге мемлекеттерден. Олар құрылыс саласында, метал, цемент өндірумен айналысатын жекеменшік компанияларда жұмыс істеп жүр.

ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫ ПОЛИЦИЯҒА АРЫЗДАНБАЙДЫ

«Сана сезім» қоғамдық бірлестігінің өкілі Шахноза Хасанова Шымкентте жұмыс істейтін еңбек мигранттарының көбі Өзбекстан азаматы болғанымен ресми тіркелмегендіктен құқықтары жиі бұзылатынын айтады. Оның сөзінше, көбіне мигранттар істейтін құрылыс орындарында, наубайханаларда және өзге кәсіпорындарда қауіпсіздік ережелері сақталмайды. Шетелден келген жұмысшылар құқығы бұзылса да, полицияға арызданбайды.

— Өзбекстан азаматы шекарадан Қазақстанға өтіп жатқанда жұмыс істеуге келе жатқанын жасырып, Қазақстан заңын бұзады. Жұмыс берушілер осыны пайдаланып, оларды қорқытып жатады. Ал мигранттар заңнан хабарсыз, құқықтарын біле бермейді, ақпараттандырылмаған. Жұмыс беруші шетел жұмысшысын пайдаланғаны үшін көші-қон полициясына тіркеліп, салық төлеуден қашады, — дейді ол.

Шахноза Хасанованың айтуынша, қауіпсіздік мәселесінен бөлек мигранттар жалақы бермеу жағдайларына да жиі тап болады.

— Жыл басынан бері орталық жұмыс істеуге келіп, құлдыққа түсіп қалған 72 мигранттың үйіне қайтуына көмек берді. Олардың ішінде жеке куәлігін жұмыс беруші алып, жалақысын бермей қойған адамдар да бар, — дейді Шахноза Хасанова.

Шымкентте мигранттардың заңсыздықтарға немесе жазатайым оқиғаларға қаншалықты жиі тап болатыны туралы дерек жоқ. Шымкент қалалық полициясы Азаттық тілшісіне еңбек мигранттарының қатысуымен болған жазатайым жағдайлар туралы мәліметтерді жинау департаменттің құзырына кірмейтінін айтты.

Қалалық ішкі істер департаментінің дерегінше, биыл үй шаруашылығында еңбек ететін мигранттар (тұрғындардың үйін салып беру, тазалау т.б) саны көбейген. Жыл басынан бері 59 мыңға жуық шетел азаматы үй шаруашылығында жұмыс істеуге рұқсат алған. 2017 жылы бұл көрсеткіш екі есе төмен болған. Көші-қон полициясынан жұмыс істеуге рұқсат алғандардың басым бөлігі Өзбекстан (50 мыңнан адам), Тәжікстан (400-ден астам адам) және Әзербайжан (150-ден астам адам) азаматтары.

Мигрант құқығының қорғалмау мәселесі Шымкент қана емес, Қазақстанның өзге қалаларында да маңызды.

БҰҰ-ның 2015 жылғы дерегі бойынша, Қазақстанда 3,5 миллион мигрант тұрады. Мигранттар көп шоғырланған қалаларға Алматы, Астана, Атырау, Маңғыстау облыстары жатады. Шымкент өзбек мигранттарының саны жағынан алда келеді.

2017 жылы елде 11 мыңнан астам адам еңбек етуге рұқсат алған. Ал 2018 жылы қаңтар мен маусым аралығында Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстанның 6,5 мың азаматына рұқсат берілген. Құқық қорғаушылар мигранттардың құқығына қатысты жиі сыналатын Қазақстанды БҰҰ-ның еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелерін қорғау туралы конвенциясын ратификациялауға шақырып келеді.
Дилара ИСА
azattyq.org