ШЫМКЕНТТЕ ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

1306
Бүгін Шымкент қаласында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шара елін, жерін қорғаған жауынгерлерге арналған тарихи танымды театрландырылған көрініспен бастау алып, Мемлекеттік Ту сахнада орнығып, еліміздің әнұраны шырқалды.
«Түркістан» сарайындағы мерекелік шараға қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтады.
«Қазақстан армиясының ресми құрылғанына 30 жыл толғанымен, қазақтың жауынгерлік мұрасы сонау сақ-ғұн замандарынан, Алтын ордадан бастау алады. Ұлы даланы хандар билеген уақытта да батырларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен, ақыл-парасатпен осы жерге ие болды. Қазақстан егемен елге айналып, өз армиясын қалыптастырғанда ұлтымыздың терең тарихындағы осы жауынгерлік рух қайта жаңғырды. Отыз жылда әскеріміз нығайып, еліміздің Тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын, халқымыздың қауіпсіздігі мен бейбіт өмірін қорғай алатын іргелі күшке айналды»,-деді қала басшысы.
Шара барысында қорғаныс саласына еңбек етіп, ел қауіпсіздігі үшін қызмет еткен 17 азамат қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын әкімдіктің әлеуметтік желідегі Instagram парақшасынан тікелей эфир арқылы көрсетілді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі