ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА МЕКТЕПТІ 20 ЖЫЛ БҰРЫН БІТІРГЕН ТҮЛЕКТЕР КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫҒА ҮЙ СЫЙЛАДЫ

2005
Түркістан облысы, Созақ ауданындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп – жарты ғасырдан астам тарихы бар көне білім ордасы. Биыл аталған мектептің 2002 жылғы, яғни 20 жыл бұрынғы түлектері игі істі қолға алды. Олар мұқтаж отбасыға үй сыйлады. Оқу ордасын бітірген соң әр тарапта жүрген түлектер бірлесіп, көпбалалы отбасыға үйдің кілтін табыс етті. Үйдің ішін қажетті жиһазбен қамтып, мұқтаж жанның алғысын арқалады. Игі шараға қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков түлектерге алғысын жеткізді.
– Үлкен сауапты іс атқарған мектеп түлектеріне рахметімді жеткізгім келеді. Ауданымызда жақсы дәстүр жалғасып келеді. Бірнеше жылдан бері түлектердің мұқтаж отбасыға үй сыйлау үрдісі қалыптасты. Алдағы жылы да жалғасады деп сенемін,– деді аудан басшысы.
Созақ ауданының Құрметті азаматы, ауыл ақсақалы Төлеген Кәрібеков жылы лебізін жеткізді. Игі істің ұйытқысы болған Досымбек Әуелбеков сөз сөйлеп, сыныптас түлектермен ақылдаса келе баспанаға зәру отбасыға тапсырғанын атап өтті.
Гүлжанат Қыдырбаеваға берілген 4 бөлмелі үйдің жылу жүйесі, бау-бақша өсіруге арналған 20 сотық жері бар. Жолдасы екеуі 5 баланы өсіріп, отыр. Көпбалалы отбасы қайырымды түлектерге алғыстарын білдірді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі