«ЖАСЫЛ ЕЛ» ЖАСАҒЫНЫҢ ЖАҢА МАУСЫМЫ АШЫЛДЫ

1104

Үшінші мегаполисте «Жасыл ел» еңбек жасағының жаңа маусымының ашылу салтанаты өтті. Абай саябағында өткен іс-шараға қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшылары, Жастар ресурстық орталығының өкілдері мен жастар қатысты деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі.

– «Жасыл ел» бағдарламасы құрылған алғашқы жылдары-ақ оң нәтиже беріп келеді. Осы бағдарлама аясында «Студенттік құрылыс жасақтары», «Жасыл ел» секілді еңбек жасақтары құрылған. Мұндағы мақсат – жастардың жазғы каникулда бос жатпай, еңбек етіп, жалақы табу ғана емес, өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбие алуы да маңызды. Себебі, сіздер туған қаламыз – Шымкенттің тазалығына, дамуына үлес қосасыздар. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Мөлдір Тұрсынбекқызы Кеуенова.

«Жасыл ел» еңбек және құрылыс жасағы осымен өзінің кезекті еңбек маусымын бастайды. Бұл жобаның мақсаты – жастарды еңбекке баулу, айналаны күтіп ұстауға бағыттау, экологиялық тәрбие беру.

«Жасыл ел» еңбек жасағы жастардың сүйікті жобасына айналды. Ол жерде еңбек ететін жастар қатары жыл сайын артуда

Жиын бұдан кейін концертке ұласып, жергілікті өнерпаздар көпшілікке арнап ән салды. Жауапты мамандардың айтуынша, биыл 1313 жасты бағдарлама аясында жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Айта кетейік, биыл «Жасыл ел» бағдарламасының жүзеге асып жатқанына 27 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында бұл бағдарлама жастарға жігер берген өміршең бағдарламаға айналды. Еліміздің әр аймағынан республикалық штабтың бөлімшелері ашылып, олар күні бүгінге дейін жұмысын жалғастырып келеді.

«Жасыл ел» сарбаздары қаланы көгалдандырып қана қоймай, тұрғындардың экологиялық сауаттарын арттыруға да еңбек етіп келеді.