ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ 92,2 ПАЙЫЗЫНА АТТЕСТАТТАУ ЖҮРГІЗІЛГЕН

1287
Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті биыл жыл басынан 366 білім беру ұйымының 181-іне аттестаттау жұмыстарын жүргізді. Оның ішінде 106 балабақша, 73 мектеп, 2 колледж бар. Нәтижесінде 14 білім беру ұйымы аттестатталып, талаптарға сәйкес келмегені — 167. Бұл көрсеткіш мемлекеттік аттестаттау жүргізілген білім беру ұйымының 92,2% құрайды. Бұл туралы департамент басшысы Ғалымжан Алматов мәлімдеді.
«Жыл басынан бері электрондық үкімет веб-порталының www.egov.kz, www.elicense.kz ақпараттық жүйесі арқылы 130 мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініш түскен. Қаралған 130 өтініштің 22-сі қанағаттандырылып, біліктілік талаптарына сәйкес келмеген 108 өтініш кері қайтарылды. Сондай-ақ, 7 білім беру ұйымына және жаңадан ашылған 9 білім беру ұйымына лицензия және лицензия қосымшалары қайта рәсімделіп берілді», — деді Ғалымжан Бауыржанұлы.
Департамент алдағы уақытта білім беру ұйымдарының жаңа 2022-2023 оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізуді жоспарлауда. Оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешенімен қамтамасыз ету, «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, мектеп құрылысы, материалдық-техникалық қамтамасыз ету мен жабдықтау, мұғалімдердің кәсіби қызметін қамтамасыз ету бойынша білім басқару органдарына мониторинг жұмыстарын жүргізеді.