Шымкент қаласындағы қоқыс мәселесі қалай шешілмек?

1094

Қала және аудан әкімдіктеріне көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары аумағындағы қоқысты шығарумен айналысатын ұйымның жұмысына қатысты шағымдар көптеп түсуде.

Осы ретте бұдан былай қала тұрғындары қоқысты шығару жөніндегі жұмысқа қанағаттанбаған жағдайда компаниямен шартты бұзуға құқылы болмақ.

Әкімдіктің хабарлауы бойынша, көппәтерлі үйлерден және жеке сектордан қоқыстарды уақтылы шығаруға тұрғындармен шарт жасасқан ұйым (МИБ, ЖМ) жауапты болады.

Белгілі бір коммуналдық компаниямен келісім-шарт тұрғындардың өз қалауы бойынша ғана жасалады. Яғни, олар қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін ұйымды өздері таңдап, тиісті шарт жасасады. Ал жергілікті атқарушы органдардың тұрғындар мен компания арасындағы қатынастарға араласуға құқығы жоқ.

Ұйым жұмысты сапалы және кестеге сәйкес орындамаған жағдайда тұрғындар шартты бұзып, оны басқа компаниямен жасасуға құқылы.

Көшелердің, автобус аялдамаларының, саябақтар мен скверлердің тазалығына, сондай-ақ қоғамдық орындардағы қоқыстарды шығаруға мемлекеттік мекемелер тікелей жауапты болады. Қазіргі уақытта бұл жұмыстар бойынша ешқандай мәселе орын алмаған.