Астанада ХЕҰ мен ҚРКФ арасындағы ынтымақтастықтың келешегі талқыланды

666

Бүгін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кеңсесінде ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ХЕҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық кеңсесінің еңбеккерлердің қызметі жөніндегі аға маманы Гоча Александриямен кездесті.

Тараптар алдағы күн тәртібін талқылады: жұма күні Қазақстанның астанасында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен «Жаңа қоғамдық келісім: әділетті еңбек қатынастары» атты әлеуметтік әріптестердің халықаралық форумы өтеді.

Сатыбалды Дәулеталин Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Мельбурн қаласында өткен V конгресінде қабылданған Жаңа әлеуметтік келісімді ХКК барлық мүшелері жүзеге асырса, әлеуметтік әріптестік жүйесін нығайта түсетінін атап өтті.

«ХКК мүшесі Кәсіподақтар федерациясы үшін әлеуметтік әріптестік жүйесін дамыту басымдық болып табылады. Форумда біз әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелерді реттеу мен шешу тетіктерін жетілдіру бойынша алдағы қадамдар жөнінде ашық диалог өткізуді жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесіне төрағалық ететін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының басшысы ОАЕКК аясында ұлттық кәсіподақ орталықтарын біріктіру жоспарларына тоқталды.
Оның айтуынша, биыл өңірдегі жастар кәсіподақ қозғалысын дамытуға, оқу үдерістерін интеграциялауға және үздік кәсіподақ тәжірибесімен алмасуға арналған екі субаймақтық форум өткізу жоспарлануда.
Өз кезегінде, ХЕҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық кеңсесінің еңбеккерлердің қызметі жөніндегі аға маманы Гоча Александрия Федерацияның бастамаларын қолдап, Қазақстан Республикасының №155 «Қауіпсіздік және өндірістік ортадағы еңбек гигиенасы туралы» және №187 «Қауіпсіздік пен еңбек гигиенасына жәрдемдесетін негіздер туралы» ХЕҰ конвенцияларын ратификациялаудағы көшбасшы ұстанымын атап өтті.

«Бір кездері Қазақстан Республикасы Халықаралық еңбек ұйымы негізгі деп таныған ХЕҰ-ның №155 және №187 конвенцияларын ратификациялады. Бұл Орталық Азия аймағының басқа мемлекеттеріне үлгі болуы тиіс. Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі аясында тәжірибе жинақтап, әріптестеріңізге құнды консультациялық көмек көрсете аласыздар», — деді Гоча Александрия.

Диалогты жалғастыра отырып, Сатыбалды Дәулеталин мен Гоча Александрия ХЕҰ мен ҚРКФ бірлескен жобаларын жүзеге асыру перспективаларын талқылады.
Ағымдағы жылдың маусым айының үшінші онкүндігінде Кәсіподақтар федерациясы мен Халықаралық еңбек ұйымы Орталық Азия аймағындағы кәсіподақтардың кезекті аймақтық конференциясын Қазақстанда өткізеді.

Халықаралық сарапшы ХЕҰ Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына әлеуметтік-еңбек саласын жақсарту бойынша кезек күттірмейтін міндеттерді жүзеге асыруда консультативтік-техникалық қолдау көрсетуді жалғастыратынын атап өтті.

Еске салайық, 27 қаңтарда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен «Жаңа қоғамдық келісім: әділетті еңбек қатынастары» атты әлеуметтік әріптестер форумы өтеді.
Форум Әлеуметтік әріптестік жылы аясында өткен 2022 жылдың қорытындысына арналған.
Оның жұмысына Кәсіподақтар федерациясының және оның мүше ұйымдарының кәсіподақ көшбасшылары, Әзірбайжан, Молдова және Түркия ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары, Халықаралық еңбек ұйымы мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының өкілдері, сондай-ақ әлеуметтік әріптестер – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және «Парыз» республикалық жұмыс берушілер қауымдастығының өкілдері қатысады.

Іс-шараға қатысушылар республикадағы әлеуметтік диалогтың жай-күйі мен келешегін талқылап, еңбек қатынастарын реттеу және жұмыскерлердің әлеуметтік және еңбек мүдделерін қорғау бойынша одан әрі қадамдарды әзірлейді.

ҚРКФ медиаорталығы