Шымкентте шахматтан әйелдер арасындағы беделді Гран-при басталды

698

Қазақстандағы үшінші ірі мегаполис осы күзде еліміздің шахмат елордасына айналды. Шымкентте KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) және Freedom Holding Corp компаниясының қолдауымен ұйымдастырған әйелдер арасындағы 2024-2025 жылғы ФИДЕ Гран-приінің 2-кезеңі басталды.

Әйелдер арасындағы беделді турнирдің 2-кезеңіне қатысу үшін Шымкентке әлемнің үздік он шахматшысы келді, олардың арасында Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы – 45-шахмат Олимпиадасының күміс жүлдегері Бибісара Асаубаева да бар.

8 қарашаға дейін жалғасатын турнирдің тұсаукесері Rixos Khadisha Shymkent қонақүйінің салтанат залында өтті. Оның құрметті қонақтары ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович, қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, турнирге қатысушылар, жоғары оқу орындарының ректорлары, танымал кәсіпкерлер, инфлюенсерлер және т.б. болды.

«Халықаралық шахмат федерациясы әйелдер арасындағы беделді турнирдің қазақ жерінде, атақты Шымкент қаласында өтетінін құптайды. Қазақстанда әлемдік ірі жарыс ұйымдастыру қазірдің өзінде жақсы дәстүрге айналып келеді. Біз осы елде шахмат спортының дамуына Президент, үкімет, федерация мен бизнестің шабыттандыратын үлес қосып, қолдау көрсетіп отырғанын жоғары бағалаймыз. Жарысқа әр қатысушыға сәттілік және әр партия тамаша өтсін деп тілеймін!», – деп атап өтті Аркадий Дворкович.

15 жылдық тарихы бар классикалық шахматтан әйелдер Гран-приінде жалпы есепте екі жеңімпаз келесі әлемдік шахмат тәжінен үміткерлер турниріне (FIDE Women’s Candidates 2026) қатысуға мүмкіндік алады. 2024-25 жылғы турнир сериясына қатысып отырған әлемнің ең мықты 20 шахматшысы 6 кезеңде бақ сынасады. Аталмыш кезеңдердің біріншісі тамыз айында Тбилисиде өтті.

Шымкентте өтетін 2-кезеңде осы жиырма үміткердің оны: гроссмейстерлер Тань Чжунъи (Қытай, 2551), Александра Горячкина (FIDE, 2533), Хампи Конеру (Үндістан, 2530), Катерина Лагно (FIDE, 2527) және Элизабет Петц (Германия, 2458), халықаралық шеберлер Дивья Дешмух (Үндістан, 2501), Бибісара Асаубаева (Қазақстан, 2487), Ставрула Цолакиду (Грекия, 2439), Нургюл Салимова (Болгария, 2405) және Батхуягийн Монгонтуул (Моңғолия, 2344) шеберлігін көрсетеді. Барлық үмірткер де турнирге қатысудың бай тәжірибесіне және жоғары марапатқа ие. Сондықтан мықтылардың сайысы, дәстүрге айналғандай, тартысты да тартымды болатыны анық.

«Шахматтың тамаша дәстүрі бар Шымкент қаласы әлемдік деңгейдегі жарыстың алаңына айналып отыр. Әйелдер Гран-приінің екінші кезеңін елордада емес, аймақта өткізу – Қазақстан шахмат федерациясы үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік. Осындай айтулы іс-шара Қазақстандағы шахмат қозғалысының дамуына тың серпін беріп, шахмат алаңындағы еліміздің беделін арттыратынына сенімдімін», – деді жарыс басталардың қарсаңында KazChess президенті Тимур Турлов.

Жарыстың салтанатты тұсаукесерінде бәрін елең еткізген тағы бір тамаша оқиға атақты қазақстандық дизайнер Аида Қауменованың биылғы турнирге арнайы әзірлеген жаңа топтамасының көрсетілімі болды. Киім сәнгерінің айтуынша, оны осы топтаманы жасауға шабыттандырған жұмбақ шахмат әлемі және «шындық қиялмен тоғысқан, ал әр жүрісің – жеңіске жеткізер бір қадам!» делінген «Айнаның ішкі жағына саяхаттаған Алиса» фильмінің сиқыры болды.

Жарысқа қатысушы шахматшы қыздар қазақтың ұлттық ерекшелігін сезінуге мүмкіндік алды: олар жанкүйерлердің алдына Aida KaumeNOVA сән үйі заманауи стильде дайындаған ұлттық шапан киіп шықты.

Әйелдер арасындағы ФИДЕ Гран-приі – ақшалай жүлдесінің қомақты болуымен ерекшеленетін турнир. Әр кезеңнің жүлде қоры $80 000, оның $18.000 бірінші орын алған шахматшыға табыс етіледі. Бүкіл серияның жалпы жүлде қоры рекордтық $600 000 тең, соның $120 000 жалпы есепте үздік он ойыншыға үлестіріледі. Шымкенттегі турнир 8 қарашаға дейін жалғасады, жанкүйерлер шахмат жарысының барысын және барлық жаңалықты онлайн-платформалар мен KazChess және ФИДЕ парақшаларынан көре алады.