Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова жұмыс сапарымен Шымкент қаласына барды. Сапар аясында халық қалаулылары Қылмыстық істер жөніндегі сот сараптамасы институтының ұжымымен кездесу өткізіп, мекеме қызметінің барысымен танысты.
Кездесу барысында сенаторлар институттың материалдық-техникалық жай-күйін көзбен көріп, саланың өзекті мәселелеріне назар аударды. Атап айтқанда, ғимараттың тозуы, заманауи зерттеу жүргізуге қажетті құрал-жабдықтардың жеткіліксіздігі және білікті кадр тапшылығы – сала қызметінің сапасына кері әсерін тигізіп отырған басты түйткілдер ретінде аталды.
Институт директорының орынбасары Динара Даулеткелдіқызы аталған мәселелерді растай отырып, мекеменің қазіргі жағдайына тоқталды:
«Бүгінгі күні ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Сараптамалық жұмыстарға арналған заманауи техникалық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі мен маман тапшылығы – үлкен кедергі. Бұл түйткілдер жөнінде құзырлы органдарға бірнеше рет хабарладық. Бүгінгі кездесу нақты нәтижелерге жол ашады деп үміттенеміз», – деді ол.
Кездесу соңында сөз алған Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров сот сараптамасының құқықтық мемлекетті дамытудағы рөлін ерекше атап өтті:
«Сот сараптамасының дәлдігі мен жеделдігі – азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізі. Саладағы мәселелерді Үкімет деңгейінде көтеріп, тиісті ұсыныстар енгіземіз. Бұл – әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам», – деді депутат.
Жиын сарапшылар мен заң шығарушылар арасындағы тікелей пікір алмасуға мүмкіндік беріп, салада қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешуге жол ашты. Бұл кездесуде айтылған ұсыныстар мен пікірлер, әсіресе, сот сараптамасының сапасын арттыру жолында алдағы уақытта жүзеге асырылатын іс-шараларға негіз болары сөзсіз. Жұмыс барысында көтерілген мәселелерді шешу үшін барлық мемлекеттік органдардың бірлескен әрекеті мен заңнамалық өзгерістер қажет. Сондай-ақ, бұл салаға қатысты қоғам мен кәсіпқойлар тарапынан үнемі бақылау мен қолдау көрсетудің маңызы ерекше. Барлық тараптың тығыз ынтымақтастығы мен ынта-ықыласы сот сараптамасының нәтижелілігін арттырып, азаматтардың құқықтарын қорғаудағы әділеттілік пен сапаны қамтамасыз етеді.
Алдағы уақытта бұл шаралар сот сараптамасының сапасын арттырып, құқықтық мемлекеттің дамуына өз үлесін қосатыны анық. Қатысушылардың пікірінше, саладағы мәселелерді шешуде барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы, сондай-ақ азаматтық қоғам мен кәсіби ұйымдардың қолдауына үлкен маңыз берілуі қажет.