Шымкентте студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылды

1642
Шымкенттік студенттер енді тілдей анықтама алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына сабылмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті жанында Студенттерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр.
Онда жеті бағыт бойынша 300-ге жуық қызмет түрі ұсынылады. Ашылғанына небәрі 2 айға жуықтаған орталықта қазірдің өзінде сұранысқа ие қызмет түрлері жетерлік.
Ақмади Отыншиев – М.Әуезов атындағы ОҚМУ 2-курс студенті. Автоматтандыру және басқару мамандығында оқитын шәкірт Студенттерге қызмет көрсету орталығына бірінші рет келіп отыр. Мұнда ол оқу үлгерімін бағамдайтын транскрипт құжатын алуға келген. 2-3 минуттың айналасында Ақмади Бейсенұлы керегіне қол жеткізді. 1Ал бұрын осы бір жапырақ қағаз үшін күні бойы тіркеу кеңсесінің есігін торауылдайтынбыз», – дейді ол.
Ақмади Отыншиев, студент:
– Бүгін келген себебім, өзіме керек құжат транскрипті алуға келдім. Бұрында студенттерге қызмет көрсету ашылмаған кезде біз көптеген жерде кезекте тұрып жүретін едік. Қазір мұнда келдім де, өзімнің жеке куәлігіммен тез алып кеттім.
Ал тағы бір тәлімгер Жансая Оразбай орталықта талон алып кезек күтпес үшін «Өзін-өзіне қызмет көрсету бұрышының» жұмысын жөн көріпті. Ол университет ішінде өтетін үздік студентті анықтау байқауына қатысу үшін қажетті құжатты осы жерден лезде шығарып алғанын байқадық. Жансая бұл жоғары оқу орнында IT мамандығы бойынша білім алады. «Болашақ бағдарлама жасаушы маман студенттерге қызмет көрсету орталығына қосар үлесім алда», – дейді.

Жансая Оразбай, студент:

– Бұл құжатты алу үшін кез келген пайдаланушы өзімен бірге ЭЦП-ні және студенттік билетін алып келуге міндетті. Өз-өзіне қызмет көрсету бұрышына келу арқылы студент өзінің жеке парақшасына кіріп, сол жерден өзіне керекті құжат түрін алуға болады.

Кейбір студенттер қызмет көрсету орталығына келмей-ақ, ұялы телефондағы қосымша арқылы тапсырыс жолдап, құжаты дайын болғанда, оны орталықтан барып алады. «Ал студенттерге мұндай қызмет көрсету алаңын құрудағы мақсат – олардың уақытын үнемдеу», – дейді жоғары оқу орнының басшылығы. Себебі студенттер күн ұзаққа кезек күтпей сабағына көңіл бөлуі керек.

Дария Қожамжарова, М.Әуезов атындағы оқму ректоры:
– 20 мыңға тарта студент уақыттарын үнемді пайдалану үшін, екіншіден, өзінің оқу жетістіктерін шынайы таза көріп отыруы үшін, үшіншіден, тіпті жатақхана ауыс-түйіс мәселелері барлық студенттерге қажетті мәселелердің барлығын бір терезе бір есік мемлекеттік қағидасына байланысты балалар осы университеттің қабырғасында жүргенде біліп, түйсігіне түйіп, үлкен жолға шығуға тиісті деп ойлаймын.
7 бағыт бойынша 300-ге тарта қызмет көрсететін орталықта 8 сектор жұмыс істейді. Мұнда талантты жастарды қолдау, олардың шығармашылығын шыңдау үшін арнайы бөлім ашылған. Оқу барысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін қазір барлық емтихандар мен тест сынақтарына жолдаманы осы жерден келіп алады. Ал болашақта мұнда екінші деңгейлі банктер де бірнеше қызмет түрін ұсынбақ. Мәселен, тәлімгерлер оқу ақысын төлеу үшін қаржылық ұйымның кеңсесіне бас сұқпайтын болады. Шәкіртақы алу үшін банк картасы да осы орталықта жасалады.