Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясы жастарының бастамасымен және бірнеше қоғамдық ұйымдардың қолдауымен, қазақ халқының ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы, ұлттық әдебиеттің дара тұлғасы әрі рухани жаңғырудың негізін қалаушылардың бірі – Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған «Абай ілімі – ұлы мұра» атты тағылымға толы әдеби кеш жоғары деңгейде өтті.
Бұл кештің мақсаты – ұлы ақынның бай мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіру, оны тереңірек танып-білуге ықпал ету және қазақ руханиятына деген қызығушылықты арттыру болды. Іс-шараға қаладағы белсенді жастар, студенттер, зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының белсенді мүшесі, «Muzbalaq.KZ» сайтының бас редакторы Базаркүл Қалбыр Абайдың өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы кеңінен баяндап, оның ой-толғамдары мен философиялық көзқарастарының қазіргі қоғам үшін қаншалықты өзекті екенін атап өтті. Сонымен қатар, ақынның мерейтойына орай Семей өңірінде өткен бірқатар республикалық және халықаралық деңгейдегі іс-шаралардан тың деректер мен қызықты мәліметтер келтірді.
Әдеби кеш барысында қаладағы жоғары оқу орындарының дарынды студенттері Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен қара сөздерінен әсерлі үзінділер оқып, оның даналыққа толы мұрасын жастардың жүрегіне жақындата түсті. Бұл көріністер көрермендердің зор ықыласына бөленіп, ерекше рухани әсер қалдырды.
Кеш соңында қатысушы жастар өзара пікір алмасып, Абай мұрасын қазіргі заманмен байланыстырып, оның терең ойлы шығармаларынан адамгершілік, білім, тәрбие және ұлттық құндылықтар жайлы тағылым алып, рухани қуат алды. Олар ұлы ойшылдың еңбектері тек өткеннің мұрасы ғана емес, қазіргі және болашақ ұрпаққа бағыт-бағдар беретін шамшырақ екенін бір ауыздан мойындады.