2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Жаңа заңнаманың негізгі мақсаты – салық жүйесін жеңілдету, кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай қалыптастыру және салықтық әкімшілендіруді оңтайландыру. Осыған сәйкес арнаулы салық режимдерінің саны 7-ден 3-ке дейін қысқартылды. Бұл туралы Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Ербол Қошқаров баяндады.
«Жаңа кодес бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған арнаулы салық режимі мен ыңғайлы декларация негізіндегі арнаулы салық режимі және шаруа-фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі сол күйі сақталады. Оңайлатылған декларация негізіндегі режимде жұмыскерлер санына қойылатын шектеу алынып тасталды. Сонымен қатар, Түркістан қаласы мәслихатының шешімімен бұл режим бойынша салық мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілді. Жаңа салық кодексінің басты артықшылықтары – есептілікті азайту, әкімшілік жүктемені төмендету, цифрландыруды кеңейту және кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау. Сондай-ақ, жеке тұлғалардың мобильді аударымдары кәсіпкерлік қызметтен алынған табыс болған жағдайда ғана салықтық бақылауға жатады. Банктер мәліметтерді тек үш ай қатарынан 100 және одан көп түрлі тұлғадан аударым түсіп, олардың жалпы сомасы 1 020 000 теңгеден асқан жағдайда ғана ұсынады» — деп мәлімдеді спикер.














