Шымкент әкімі «Оңтүстік» аймағын кеңейтуді сұрады

1090
Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдіраxымов жеңіл өнеркәсіпті дамыту бойынша есеп берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әкімнің айтуынша, өткен жылы қалада жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 23 миллиард теңгеге жетті. Бұл бір жыл бұрын болған көрсеткішпен салыстырғанда, 25 процентке артық. Жеңіл өнеркәсіп саласында 112 кәсіпорын жұмыс істейді. Соның 60-сы тоқыма бұйымдарын өндірсе, 39-ы киім тігеді. Тағы 8 кәсіпорын терімен айналысады. Ал 5-і аяқ киім шығарады.
«Шымкент қаласында жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін 200 гектарда «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Осы аймақта құны 29,5 миллиард теңге құрайтын 13 жоба іске асырылды. Онда 1 396 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, 2019-2021 жылдары құны 90 миллиард теңге құрайтын 12 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ол 1 322 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Шымкент қаласында жеңіл өнеркәсіпті ары қарай дамыту қажет. Аталған саланың даму потенциалы өте жоғары. Осыған байланысты «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтың аумағын 200 гектардан 500 гектарға дейін ұлғайтуды сұрап жатырмыз. Себебі осы аймақтың 87 проценті игерілген», — деді Ғ.Әбдіраxымов Үкіметтің бүгінгі отырысында. Әкім онлайн режимде баяндама жасады.
Оның сөзіне қарағанда, жақын арада Үкіметтің қарауына «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын кеңейтуге қатысты қаулы енгізілетін болады.
Айта кетейік, бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин отандық тауарлардың көлемін ұлғайтуға қатысты негізгі міндеттерді атады. Үкімет басшысының айтуынша, жеті жылдан кейін импорттың үлесі 59 проценттен 37-ге дейін түседі. Есесіне отандық тауарлардың көлемі артады. Осыған байланысты өңдеуші кәсіпорындары әртараптандыру шаралары жалғасады.
«2019-2025 жылдары аралығында 300-ге жуық жоба іске асатын болады. Болжамға сәйкес, 2025 жылға қарай қарапайым заттар экономикасы тауарларын өңдеу көлемі 4 триллион теңгеден 9 триллион теңгеге дейін ұлғаяды. Сол кезде бүкіл Қазақстан бойынша 16 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Бұл — аса маңызды әлеуметтік-экономикалық міндет», — дейді А.Мамин.