Жалақы өссе оны инфляция жеп қоя беретіні несі?

1904
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жалақысы төмен қызметкерлердің айлығын 1 шілдеден емес, 1 маусымнан бастап көтеру туралы тапсырма берді.
«Үкіметке бюджет саласындағы жалақысы төмен қызметшілердің жалақысын көтеруді 1 шілдеден емес, 1 маусымнан бастау туралы тапсырма бердім», — деп жазды Тоқаев.
Оның айтуынша, бұл шешім бір миллионнан астам азаматтық және мемлекеттік қызметшінің жағдайының жақсаруына тікелей әсер етеді.
Еске сала кетсек, ақпан айында Нұрсұлтан Назарбаев бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап 30 процентке көбейтуді тапсырған болатын.
Ал 2018 жылдың екінші тоқсанындағы деректерге жүгінетін болсақ, елдегі бұқараның кірісі 9,3 пайызға артқан.  Былтыр дәл осы уақытта бұл көрсеткіш 113,7 мың теңге болса, қазір 121,7  мың теңгеге өсіпті. Бірақ осы кірістің 6 пайызын инфляция жеп қойып отыр.
Рас, бізде зейнеткерлерге, мемлекеттік қызметкерлерге,  тұрмысы төмен отбасылардың алатын жәрдемақысына жыл сайын мемлекет тарапынан қажетті үстемақы қосылып отырады. Бірақ үстемақы қосылған сайын қымбатшылық та халықты қыса түседі. Мәселен, арқылы келтірілген деректерге жүгінсек,  2015 жылы халықтың кіріс көзі республика халқының әрқайсысына шаққанда 76,575 теңгені құраған. 2016 жылы бұл көрсеткіш 99,3 мың теңгеге өссе,  2017 жылы 113,7 мың теңге болған. Дегенмен жыл сайын кірісі өсіп отырса да, әлеуметтің әлеуеті айтарлықтай жоғары емес.
Сала мамандарының пайымдауынша, нақ қазіргі қалыптасып отырған экономикалық жағдайда халыққа мардымсыз үстемақы қосылып отыр.
«Мысалы, біздегі орташа жалақы көлемі 120 мың теңгенің айналасында.  Ал енді қазір бір айға ең аз дегенде азық-түлік сатып алуға 60-70 мың теңге кетеді. Қала халқының төлейтін коммуналдық қызметақысы бар. Ауыл халқының жем-шөбінен бастап отын-суына дейін қымбаттаған. Алдағы уақытта да қымбатшылықтың өспейтініне қатысты ешбір инстанция кепілдік бере алмайды. Біз қазір әлеуметтік аз қамтылған топтарға үлкен салмақ түсіріп отырмыз.. Соңғы бес жылда халықтың ақшаны тамақтан үнемдеуі көп нәрсені аңғартады»,-деді экономист-сарапшы Дәурен Арын.
Сарапшы Дәурен Арынның айтуынша, үкімет келер екі жылда сауатты шешімдер қабылдауы тиіс. Әсіресе елдегі орташа жалақы мен ең төменгі күн көріс деңгейіне қатысты нақты шешімдер қабылдайтын кезең жетті. Ол үшін маман айтып отырғандай халықтың азық-түлік тұтынатын себетінен бастап, орташа жалақы көлемі, күн көріс деңгейі қайта сұрыпталуы қажет.
«Дамыған елдермен біздің орташа жалақы мөлшерін салыстырудың өзі ыңғайсыз. Бірақ біз өркениетке ұмтылған ел болғандықтан олардың жақсы жағын алып қалуға тырысуымыз керек. Бірқатар дамыған елдерде орташа жалақы мөлшері 4500 долларды құрайды. Мұндай жалақы алатын болса, халықтың жағдайы сөзсіз түзелер еді. Сондықтан бізге болашақта жұмыспен қамтуда дұрыс бағытты ұстану қажет. Мысалы,  Корея халқы жұмыспен қамту кезінде өндірісті ұжыммен басқару тәсілін жақсы меңгерген. Олар халықтың пікірімен санаса біледі. Көптеген елдер  өздерінің табиғи байлығын адам ресурсын дамыту үшін пайдаланады.  Бірінші кезекте адам капиталын дамытуды қолға алған мемлекеттер қазір ұтылмайды. Сондықтан бізге де осы бағытты ұстану керек»,- дейді Дәурен Арын.
Экономист мамандардың байыптауынша,:
А)  Инфляция жеп қойған халықтың ақшасы қайтуы үшін орташа жалақы көлемін өсіру керек. Бұл әсіресе мемлекеттік қызметте жүрген әлеуметтік қызметкерлерге қатысты айтылып отырған ұсыныс.
Ә) Үкімет монополистерге шектеу қоя білуі керек. Тариф бағасын қолдан көтеруге, газ, жанар-жағармай бағасын орынсыз қымбаттатуға жол берілмеуі қажет.
В) Халық ең көп тұтынатын өнімдер арзан болуы үшін мемлекетік арзан дүкендер желісі ашылса жөн болады. Ол дүкендерге өнімдер зауыттан шыққан өз бағасымен жеткізіліп отырса анағұрлым арзан болады.
«Міне, Үкімет өсірген жалақыны инфляция жеп қоймауы үшін алдымен осы іспетті шараларды орындауға мән беру керек» дейді мамандар.
Қарлығаш Зарыққанқызы