БАЛАҒА ҚАРЖЫЛЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ

1283
Бала тәрбиесі туралы айтылған сөзі естеріңізде ме? «Бала дүниеге келгеннен кейін тәрбиелеу кеш. Оны ананың құрсағында жатқаннан бастап тарбиелеу қажет». Жаныңызды құлдыраңдап жүрген құлыншағыңыз сіз үшін әлі тым кішкентай болуы мүмкін. Бірақ, күні ертең буфеттен балмұздақ алу үшін деп, тумбадағы екі мың теңгелікке иелік ете салмасына кім кепіл? Есейгенде бір көлік үшін екі-үш несие алғанын қаламасаңыз, бесіктен бастап қаржылық тәрибесіне аса мән бергеніңіз абзал. 
Баладан қаржылық жағдайыңызды жасырмаңыз

Мәселе жұбайыңыз екеуіңіздің айлығыңыз бен несие көлемін толыққанды айтып отыруда емес. Бала отбасының коммуналды төлемге қанша кетіп, бір апталық азық-түлік үшін қанша мың теңгеліктер төлегеніңізді біліп жүрсін. Олардың үй-ішінің қаржылық жағдайы, ақшаның салмақтылығы жөнінде ұғымы қалыптасуы қажет.

Керек болса түрлі ойындар сатып алып, жаныңызға дүкенге ертіп жүріңіз. Қандай заттың қымбат, арзан екендігін айыруға үйретіңіз. Бастысы — ақшаның қалай келіп, қайда кетіп жатқандығынан хабардар болсын. Оның қаржылық сауаттылығының негізі осылай қалыптасады.

Қалта ақшасынан қақпаңыз

Өз ақшасының болуы — есеюінің үлкен тәжірибесі. Психологтар 6-7 жасынан бастап балаға аздаған сома беріп отыруға шақырады. Қаржылық жағдайыңызға байланысты апта сайын немесе айына бірнеше рет. Егер 7 жасынан бастап өзінің «сылдырмақтары» үшін ақша төлей алатын болса, 14-15 жасында ірі қажеттіліктері үшін (мобильді байланыс, достарына сыйлық) қалай жұмсау керектігін біледі. Жастайынан алған тәрбие өзінің мүмкіндіктерін түсініп, шығындарын тиімді жоспарлауда маңызды рөл атқарады.

Қажеттісін өзім сатып алып беремін, артық ақша қажет емес деудің де өзіндің зиянды тұстары бар. Мамандардың сөзінше, баланың өтініштерін ескермей, қалта ақшасынсыз қалдыру өз-өзіне деген сенімсіздікті қалыптастырады. Егер шынымен жағдайыңыз көтермесе,»Бізде ақша жоқ» дегенннің орнына балаға беруі тиісті ақшаны басқа маңызды затқа жұмсағаныңызды түсіндіріп айтыңыз.

Үнемдей білу қажет

Қалта ақша беру қажет деген кеңес әмияныңыздың кілтін де қоса беріңіз дегенді білдірмейді. Үнемдеуге үйретіңіз. Берілетін ақша көлемін келісіп, сол сомадан аспауға тырысқан жөн. Жоғалтып алса тез арада орнын толтыруға да асықпаңыз, өз қателіктерінен сабақ алсын.

Дүкенде жүріп, қалағаныныңның барлығын да бірден әпере беруге де ұмтылмаңыз. Сіз баланың көңілін қалдырмайын деп жүргенде, ол ақшаның көлемін түсінуден қалады. Шыдамдылыққа, жоспарлауға үйренуден бұрын, барлығын бірден алуға дағдылады. Сондықтан, ақшаның құнын түсіне білуі дұрыс. Ол үшін пультті машинаны бірден сатып алатын 4 мыңдықтан апта сайын асқан төзімділікпен жинап жүретін төрт жүз теңгеліктері қымбат болуы қажет.

Ақша табуды үйретіңіз

Жасөспірімдердің көпшілігі жаз шығысымен жұмыс істеп, ақша табуға тырысады. Балаңыз осындай ниетін білдірсе, бетінен қақпаңыз. Еңбек ету — тәрбиенің ең басты құралы. Ал жұмыс істеп, ақша тапқан бала оны қалай жұмсауды да біледі. Қызығып жүрген гаджеті немесе қымбат кроссовкасының өтемін өзі тапса құба-құп. Бірақ бала ақшаны емес, ақша баланы игеріп алмасын. Ақшаны бонус, өмір сүруге қажетті құрал деп үйретсеңіз, ол өмірдің негізгі құндылықтарын ұмытпайтын болады. Қаржыдан қысылғанда қара аспанды төндіріп, өзін әлемдегі ең сәтсіздердің қатарындамын деп сезінбей, одан да маңызды істердің барын түсінеді.

Ақша табуға үйретудің тағы бір көңіл аударарлық тұсы — үйдегі кез-келген тапсырманы сыйақы көзіне айналдырып жіберу. Жақсы баға алған сайын жүз теңге дайын тұратынына үйренген бала білімнің бағасын ұмытады. Қоқыс төккені үшін, ойыншығын жинағаны үшін де әмияныңызға қол соза бермеңіз. Ол отбасындағы өзіне тапсырылған тапсырманы ешбір ақысыз, ортақ игіліктері үшін ғана орындалатындығын ұмытпасын. Егер қаржыны мотивация көзіне айналдырсаңыз, ақша қадірін білетін, жақсы қаржыгер тәрбиелей аласыз. Бірақ адамдық қасиеттерді сезіне білу қабілетін біржола өлтіріп алуыңыз мүмкін.

Баланы еркіне жіберіңіз

Кез-келген іске тек тәжірибе арқылы үйренуге болады. Қателіктер болуы да мүмкін, бірақ бала кезде барлығын жөндеуге болады. Бұған сіздің аралсуыңыз маңызды, дегенмен балаға көбірек еркіндік беру қажет.

Оны қаржылық сауаттылықққа үйретіп, ақша тауып жатқанын көргенде риза боласыз. Қалта ақшасын да үнемдеп жұмсап жүр. Сіз сыртынан бақылаңыз. Әр дүкенге барғаны сайын «не алдың? неге алдың?» деп тергеуден аулақ болыңыз. Ол сіздің тарапыңыздан сенімсіздік байқамасын. Қажетсіз зат алса аз уақыттан соң істен шығады, сындырады. Келесі жолы да қайталануы мүмкін. Бірақ үйренеді, сапалыға ұмтылады. Үнемі оны тұсаулап, ақшасын санап отыру бала психологиясына өзгеге тәуелділік сезімін қалыптастырады.

Ол сізді үлгі тұтады

Бұл кеңесті үнемі өзіңізге қайталап отырыңыз. Баланы тәрбиелеуді өзіңізден бастау керек. Балалар біз айтқанның 20 пайызын естиді, өзге 80 пайыз ақпараттың барлығын ата-анасы өзін қалай ұстағанына қарап қабылдайды. Сондықтан баланы қаржылық тәрбиеге үйретпес бұрын, ең алдымен өзіңіздің әрекетіңіздің дұрыстығына көз жеткізіңіз.

Дереккөз: Reactor