Бір сөмке алтын ұрлаған баукеспе құрықталды

2233
Бұл туралы ТО полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz хабарлайды.
Ұсталған күдікті өзінің 4 бірдей сыбайласымен бірге ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасырын жымқыру мақсатында Сарыағаш ауданының базарында алтын сатумен айналысатын әйелдің сауда қатары жаймасының астында тұрған сөмкесін, ішіндегі жалпы құны 1 500 000 теңгеге жуық алтын бұйымдарын ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған. Бөтеннің мүлкін ірі мөлшерде жасырын жымқырған жайт Сарыағаш АПБ-де ҚР ҚК-нің 188-бабымен тіркелді.
Аудандық полицейлер болған қылмыстың ізін суытпай ашу мақсатында күдіктілерді жедел іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдіктілердің біреуі Шымкент қаласынан ұсталып, қамауға алынды. Қалғандарына іздеу жарияланды. Қазіргі таңда аталған «Ұрлық» қылмысы бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданды.
Түркістан облысы полицейлері тұрғындардың бағалы заттарына, ұялы телефон, әмияндарына сақ болуды ескертеді. Себебі, бүгінде қалта ұрылары аузы ашық сөмкелер мен алуға оңай қалталарда тұрған дүниелерді құр жібермей жымқырып қалуға тырысады. Сондықтан кез-келген затыңызға сақтықпен қарап, ұрылардың өз ойын іске асыруына жол бермеңіздер!