ТҮРКСОЙ-дың тартуы

1986
Кеше Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бастамасымен жарық көрген «Үш арыс» кітап-альбомының тұсаукесері және Ілияс Жансүгіровтың туғанына 125 жыл толуына арналған әдеби кеш өтті.
Шара аясында Ұлттық кітапхананың қорынан Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Халық өмірінің қаһарман жыршысы» атты кітап көрмесі де ұйымдастырылды
Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы Болат Жүнісбеков ашып, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Қазақстандағы өкілі Асқар Тұрғанбаев жүргізіп отырды. ТҮРКСОЙ тапсырысымен кітапты жарыққа шығарған «Central Asia Production» компаниясының директоры Берік Барысбеков альбомның дайындалуы туралы баяндап, сөзінің соңында осы іске тікелей атсалысқан бірнеше суретшіге халықаралық ұйымның марапатын тапсырды.
Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Олжас Сүлейменов пен мәдениеттанушы-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов «Үш арыс» кітап-альбомының тұсауын кесіп, мерейтойлық шараға қатысты ой-толғамдарымен бөлісті. Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят Жансүгіров әкесі туралы естеліктерін әңгімелесе, ҚР ҰҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кежехан Матыжанов «Үш арыс» кітап-альбомының ерекшеліктеріне тоқталып, құттықтауларын жеткізді.
Кеш соңында дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай, Ж.С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің оқытушысы Төлеубек Зайсанбаев пен студенттері М.Біләшов, А.Мамедов және Л.Мишралар әннен шашу шашты. Кешке Сәкен Сейфуллиннің туыстары,ақын-жазушылар, отандық зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері түркітілдес халықтардың диаспоралары және оқырмандар қатысты.
«Үш арыс» альбомы қазақ әдебиетінің «Үш арысы», «Үш бәйтерегі» атанған, үшеуі де бір жылда (1894) жарық дүниеге келіп, бір жылда (1938) сталиндік репрессия құрбаны болған Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің әдеби мұраларына арналған. Бұл жобаның мақсаты — әдеби туындыны қылқалам шеберінің көзімен тану, көрнекті ақын-жазушылардың әдеби шығармаларын көркемсурет, кескіндеме өнері арқылы таныту, сондай-ақ, олар өмір сүрген кезеңдегі тарихи туындылар мен заманауи еңбектерді бір альбомға топтастыру. Жинаққа өткен ғасырдағы және қазіргі заманғы белгілі отандық қылқалам шеберлерінің аталған ақын-жазушылардың әдеби шығармаларын оқи отырып дүниеге әкелген көркемсурет туындылары енгізілген. «Үш арыс» жинағы – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойына дайындаған Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының арнайы сыйы.
Альбом Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының тапсырысымен «Central Asia Production» компаниясы тарапынан қазақ және орыс тілдерінде Германияда басылды. Мұрағаттарды іздеу, архив, музей материалдарын саралау, тарихи көркемсуреттерді жаңғырту және аударма жұмыстарын аталған компания іске асырды.
«Түркі әлемінің ЮНЕСКО-сы» деген атпен танылған Халықаралық түркі мәдениетінің ұйымы (ТҮРКСОЙ) 25 жылдан астам уақыт бойы түркі әлемінің мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау, сақтау және зерттеу жұмысын белсенді түрде атқарып келеді. Халықаралық ұйым жыл сайын түркі әлемінің мәдениеті мен өнерінің дамуына қомақты үлес қосқан көрнекті мәдениет қайраткерлерінің мерейтойларына орай атаулы жыл жариялап, мәдени-шығармашылық шаралар (концерттер, көрмелер, қойылымдар, ғылыми-практикалық конференциялар және т.б.) ұйымдастыру арқылы олардың атын дүниежүзілік қауымдастыққа танытуда.
Орталығы Алматы қаласында орналасқан «Central Asia Production» компаниясы имидждік басылым саласындағы отандық үздік компаниялардың бірі. Компания бұған дейін де
Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымымен бірігіп бірнеше ірі жобаларды іске асырған. Өткен жылғы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойына орай шығарылған «Айматовты оқығанда» атты көркемсуреттер жинағы әлемнің түкпір-түкпіріндегі өнерсүйер қауымнан өте жоғары баға алды.
Жақында ғана осы компания басып шығарған «Ұлы Дала тарихы» кітабы 2019 жылғы «Европада шыққан ең сапалы кітап» атағына ие болып, конкурсқа қатысқан 100 кітаптың ішінен Card Couture Award 2019 сыйлығын жеңіп алды. ҚР Тұңғыш Президенті қорының тапсырысымен Германияда басылған бұл кітапқа ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» кітабы негіз болған.