«Көптеген адам уақытша жұмыссыз қалуы мүмкін»: Дариға Назарбаеваның ұсынысын депутаттар бірауыздан қолдады

1315
«Төтенше жағдай мен карантин, өкінішке қарай, іскерлік белсенділіктің төмендеуіне әкеп соғып жатыр».
Парламент сенатының төрағасы Дариға Назарбаева палатаның жалпы отырысы мен комитет отырыстарына шақыртылатын адамдардың санын шектеуді тапсырды, деп хабарлайды Skifnews.kz  ақпарат порталы, Qamshy.kz-ке сілтеме жасап.
«Өздеріңіз білесіздер, елде төтенше жағдай жарияланды. Бұл дер кезінде қабылданған әрі өте қажетті шара. Осы қадамдарды жақсы түсінеміз. Осыған байланысты тиісті бұйрыққа қол қойдым. Төтенше жағдай кезеңінде барлық іссапарлар мен жоспарлы бұқаралық шараларға тыйым салынады. Ал заң шығарушылық жұмыс жалғасады. Біз мүмкіндігінше жалпы отырыс пен комитет отырыстарына шақыртылатын адамдардың санын шектеуміз керек», — деді Д. Назарбаева.
Дариға Назарбаева елдегі төтенше жағдайдың салдарынан жұмыссыз қалатын азаматтардың мәселесін көтерді.  «Мемлекеттің міндеті — азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, экономика мен тұтыну нарығының қызметін қамтамасыз ету. Баяулауға болмайды. Азаматтардың табысы мен жұмыспен қамтылуын да үнемі назарда ұстауымыз қажет. Төтенше жағдай мен карантин, өкінішке қарай, іскерлік белсенділіктің төмендеуіне әкеп соғып жатыр. Көптеген адам уақытша жұмыссыз қалуы мүмкін, тіпті күн көруге ақшасы болмайды», — деді Назарбаева.  Сенат аппаратының 70-тен аса қызметкері үйден жұмыс істеп, ал қалғандары қысқартылған жұмыс күніне ауысқан.
  «Бізге ертеңгі күнге сеніммен қарап, бойымыздағы үрей мен күдіктен арылу қажет. Әлем жұртшылығына темір ханым деп танылған Маргарет Тетчер: «Біздің қорқыныштың тоқсан пайызы — ешқашан болмайтын нәрсе туралы» деген. Қазіргі таңда баршамыз бәрі жақсы болатыны туралы ойлап, жақсылықтан үміттенуіміз керек. Біз – талай сында шыныққан мықты халықпыз. Біз бәрін жеңеміз! Алдағы сенбі күні жарқын мерекеміз Наурыз келеді. Бұл – көктем мерекесі, жандану мен гүлдену мейрамы. Үміт пен жаңару мерекесі. Баршаңызға денсаулық пен бар жақсылықты тілеймін! Наурыз бізге бұл жылы тек бақыт алып келсін, қайғы мен ауыртпалықтан арылтсын!», — деді Назарбаева.
Сондай-ақ Дариға Назарбаева депутаттарға коронавирусқа қарсы күрес қорына бір күндік жалақысын аудару туралы ұсыныс жасады.
«Сенат депутаттары мен аппарат қызметкерлерінің бір күндік жалақысын вируспен күрес қорына аудару туралы ұсыныс бар, қарсылық жоқ па? Егер біреу көбірек бергісі келсе, қарсылықтар болмайды, қолдайсыздар ма ?», — деді Дариға Назарбаева.
 Барлық депутаттар ұсынылған ұсынысты бірауыздан қолдады.