Әйтенов түн жарымда шұғыл мәлімдеме жасады

971
Коронавирус індетін жұқтыру жағдайы тіркелгелі шымкенттік шенеуніктер тәспілерінен жаңылып қалған сияқты. Неге екенін қайдам, олар түн жарымда, жұрт шырт ұйқыда жатқан кезде теледидар арқылы мәлімдеме жасайтын әдет тапты. Алғашқы науқас тіркелген 24 наурызда қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшылары түн ортасында брифинг өткізген еді. 25-інен 26-ына қараған түні сағат он екіден кейін қала әкімі Мұрат Әйткенов халыққа жергілікті «Оңтүстік» телеарнасы арқылы шұғыл мәлімдеме жасады.
-Өкінішке қарай, қаламызда коронавирус індетін жұқтырған 2 жағдай тіркелді. Қазіргі уақытта олар Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасында оқшауланып, ем қабылдауда. Жағдайлары тұрақты. Бірінші науқас 18 наурыз күні сағат 17.30-да Нұр-Сұлтан қаласынан «Нұр-Сұлтан-Жетісай» бағытымен жүретін 51 адам мінген автобуспен  келген.  20 наурыз сағат 23:30-да 4 азамат Шымкент қаласы «Бекжан» автовокзалынан түсіп, үшеуі Түркістан қаласы бағытына жолға шыққан. Ал, біреуін әкесі өз көлігімен үйіне жеткізген. Қалған 47 азамат Жетісай бағытына сол автобуспен сапарын жалғастырған.  Ал, індетті жұқтырған азамат 23 наурызға дейін үйінде өз бетінше ем қабылдаған.  Ауруы асқынғаннан кейін жергілікті амбулаторияға жоғары дене қызуымен, бас ауруымен, жөтелмен шағымданған. Нәтижесінде осы азамат отбасымен  стационарлық бақылауға алынды. Бүгін аталған азаматтың анасынан тест анализі алынып, оң нәтиже көрсетті. Шұғыл түрде, науқастармен қарым-қатынаста болған 2 — медицина қызметкері отбасыларымен және 5 потенциалды қатынастағы азаматтар оқшауланып, жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Бүгінгі таңда, Нұр-Сұлтан-Шымкент қалалары мен Түркістан облысындағы аталған азаматпен байланыста болған барлық азаматтар оқшауландырылып, бірлескен шаралар ұйымдастырылуда,-деді әкім.
Әйтеновтың айтуынша, қалаға кіретін азаматтардың денсаулығын тексеруден өткізіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кіреберіс жол қақпаларға 12 санитарлық бекеттер қойылды. Базарларда, сауда орталықтарында, автобустарда, қоғамдық орындарда және басқа да адамдар көп шоғырланатын жерлерде дезинфекциялық жұмыстар күніне 2 рет жүргізілуде.
Барлық қоғамдық орындарға бетпердемен кіру міндеттелді. Бетпердемен қамтамасыз ету үшін жергілікті кәсіпкерлермен бірге күніне 100 мыңнан астам медициналық бетперделер тігіліп, қала аумағындағы дәріханалар мен базарларға жеткізілуде.
Сонымен қатар, антисептик өнімдерін шығаратын «Ордабасы» индустриалды аймағындағы  кәсіпорын күніне    4 тонна залалсыздандыру өнімдерін шығаруда.
Әкім бағаның толық бақылауға алынғанын, сондықтан алаңдауға негіз жоқтығын мәлім етті.
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ,
Шымкент қаласы.

Дереккөз:zhasalash.kz