Қытайдың бірнеше веб-сайтында Қазақстанның егемендігіне күмән келтіретін, саяси-дипломатиялық қарым-қатынасымызға сызат түсіретін мақала жарияланды. Ұятсыздық пен арсыздыққа, екіжүзділік пен аярлыққа толы мақаланың көздегені – жаулық, аңсағаны – арамдық демеке шарамыз жоқ.
Оқырманға түсінікті болуы үшін, мақаланы ықшамдап, қазақшаға аударып бергенді жөн көрдік.
«Қазақстан Қытайға қайта қосылуды не үшін зарыға аңсайды?»
«Орта Азиядағы ішкі құрлықтық мемлекеттер ішінде Қазақстан сөз жоқ, ең үлкені. Ол Қытайдың Шыңжанымен шекараласады, Өзбекстан және Түркіменстанмен шекараласады, ал Иранмен теңіз арқылы шектеседі. Қазақстан ең үлкен құрлықтық мемлекет есебінде 2 млн 220 мың шаршы шақырым территориясы бар, тұтасымен Еуразияны алып жатыр. Қазақтың мәдениеті – ислам мәдениеті, түркі мәдениеті сияқты көп мәдениеттердің сіңіскен қосындысы. Қазақстан дегеніміз ежелгі түркілердің империясы. Қазақстан тарихта Қытайға тәуелді территорияның бір бөлігі. Қытай тарихта Қазақстанға тым көп мәрте шабуыл жасаған. Бірақ бұл мәселе бойынша қазақстандықтардың тым көп өкпесі жоқ.
Цинь патшалығы кезінде Қазақстан Цинь патшалығына тәуелді мемлекетке айналды. Ол кезде Қазақстан үш хандық мемлекетке бөлінді, оның екеуі Цинь ордасына вассалдық тәуелділікте болды. Қазақстан ежелден Қытаймен тым терең байланыста. Ендеше, біз: «Қытай қалайша біртіндеп-біртіндеп Қазақстанды өзіне бағындырды және біртіндеп-біртіндеп айырылып қалды», деген мәселені сараптайықшы.
Шамамен, 15 ғасырда Алтын Орда хандығы кезінде Өзбек хандығы деген бір мемлекет болды. Оның аумағы үлкен еді. Ішкі қайшылықтарға байланысты екі мемлекеттің халқы қашты, қашып, бұл мемлекеттен ажырады және өздері тың ұлт болып қалыптасты. Бұлар «қазақтар» деп аталды. Кейін, қазақтың территориясы да Алтын Ордадан бөлініп шықты, одан қашып шыққан халық тың нәсіл болып қалыптасып, тың бір мемлекетті құрды. 16 ғасырда бұл мемлекет үш кішкентай хандыққа бөлшектенді. Олардың барлығы «жүздер» деп аталды. 17 ғасырда Орта Азияда өте қуатты билік қалыпқа келді. Бұл көшпенділер құрған билік Жоңғар хандығы еді. Кейін, Ұлы жүз бен Кіші жүз Ресейге бағынды да, Орта жүз Жоңғар хандығына бағынышты болды. 1757 жылы Жоңғар хандығын Цинь империясы жойып жіберді. Одан соң, Ұлы жүз, Орта жүз, тіпті, Кіші жүзге дейін Цинь империясына бағынышты елге айналды. Жоңғарлар Цинь империясымен ұзақ уақыттық соғыста шығынға ұшырап, оның үстіне, оба індеті тарап, біртіндеп, Балқаш көлі маңынан жоғалып кетті. Ал қазақтар болса, Цинь династиясының қол астына енді. Осы тарихқа байланысты Қазақстанның «ғұламалары» қалай еске алатынын қарап көрейікші. 16 ғасырдың басында түркі халқының ұрпағы көшпенді ұлттар сол жерде шатырларын тіге бастады және бір мемлекет болып қалыптасты. Бұл мемлекет қытайлар тарапынан бірнеше мәрте жойылып кете жаздаған. Бірақ бақытына орай, жойылмаған (қазақстандықтардың айтуы бойынша). Қытайлар өзінің ішкі соғысына байланысты әскерлерін кері алып шықты. Оның үстіне, географиялық орналасуы тым шалғай болғандықтан, Қазақстан Қытай тарапынан «жұтып» алынған жоқ. Тарихқа көз салсақ, қытайлар Еділ өзеніне қарай жорыққа бір-екі рет қана аттанған жоқ. Қытайдың қуаты шарықтап тұрған Таң империясы кезінде түркілер екіге бөлінді, оның әрқайсысын қытайлар қалпақпен ұрып алды. Шығыс Түркістанды Таң империясы «ап» деп аузын ашып, жұтып алды. Таң империясы әскерінің ықпалы Жетісу өңіріне дейін жетті. Жетісу өңірі дегеніміз қай жер? Ол түркілердің тамыр тартқан жері. Көп ұзамай, Таң империясының ішкі жағында бүлік туып, ол өзінің басқаруындағы территорияны игеруге шамасы жетпей, Жетісу өңірінен шегініп шықты. Олардың басқарған мерзімі де ұзақ емес. 19 ғасырда Қытайдың армиясы Тянь-Шань тауына тағы да жетті. Қазақтар жұтылып кетуге аз қалды. Моңғолдардың келуі Қытай армиясын жеңіліске ұшыратты. Қытай армиясы тағы да шегінуге мәжбүр болды. Ал енді қазақтар қалайша біртіндеп-біртіндеп, Қытайдан тәуелсіздік алды?
19 ғасырдағы «апиын соғысынан» кейін Цинь империясының ең қуатты күштері қурап, шіріп бітті және апиын Цинь империясының түбіне жетті. Өзін-өзі қорғаймын деп шекараны жауып алып, Цинь империясы жойылды. Ресей осы орайды пайдаланып, Цинь империясының территориясын жаулап алды. Содан барып, Қазақстан Ресейге тәуелді болды. Әр жолғы әділетсіз келісімдерден кейін көптеген территориядан осылай айырылдық. Қытайдың жоғалтқаны тек, Қазақстан ғана емес қой.
Бүгінде қазақстандықтар: «біздің қанымызда қытайдың қаны бар», деп айтады. Әрине, тарихи зерттеулерде қазақстандықтардың еуропалықтармен тегі бір екені анықталса да, бірақ олар «біздің қанымызда қытайдың қаны бар», деп айтады. Олардың арасында кейбір адамдар Қытайдағы соғыстан қашып барған еді. Шыңғысхан қуып жіберген ханзулар Қазақстан территориясына келіп, осы халыққа сіңісті. Әрине, бұл қазақстандықтардың өзінің ойы ғой…
Қазір біздің көз алдымызда Қытайдың Қазақстанға жасаған көмегі үлкен, салған инвестициясы 23 млрд доллардан асады. Болат-темір қорыту саласында, тіпті, одан да үлкен мемлекеттік макроқұрылымдарда Қазақстанға өте үлкен көмек жасап жатырмыз, зор көлемде инвестиция салып жатырмыз.
Бұдан бөлек, Қазақстанның кішкентай бір қалашығында қазақстандықтар өздерін Ли Байдың тұқымымыз деп атайды (Ли Бо –701-762 жж өмір сүрген Қытайдың көрнекті ақыны — автор). Тіпті, кейбір адамдар өздерін «ханзудың тұқымымыз» деп айтады. Олар «соғыс кезінде қашып келіп, жергілікті адамдармен сіңісіп кеттік», дейді. Олар Қытайға қосылғысы келеді немесе Қытайға қайтқысы келеді. Олар өздерінің территориясымен, өздерінің жерімен Қытайға қосылғысы келеді», – деп жазылған.
Автор тарихи деректерді ұятсыздықпен бұрмалай отырып, имперлік қомағайлықпен Қазақстан территориясына көз алартудан тартынбайды. Бәлкім, біздің биліктің тамырын басып көру үшін, барлау мақсатында жазылған мақала шығар.
Мақаладағы «өз жерімен, өз территориясымен Қытайға қосылғысы келетіндердің» кімдер екенін айтпаса да ішіміз сезіп отыр. Бірақ Қазақстанда өмір сүріп отырған ешбір диаспораның өзімен бірге атажұртынан ұлтарақтай жерді көтеріп келмегені анық. Яғни, «жеріммен бөтен елге қосыламын», деуге ешкімнің де тарихи-моральдық құқығы жоқ. Тарихи Отанына қайтамын деген азаматқа тосқауыл бола алмайтынымыз да рас. Өйткені, Қазақстан Республикасы Конституциясы, халықаралық адам құқықтары жөніндегі құжаттарда бұл әрекеттер құқықтық күшке ие. Осы құқықты басшылыққа ала отырып, әрбір азаматтың емін-еркін көшіп-қонуына түсіністікпен қараймыз.
Біздің көңілімізді елеңдеткен тағы бір мәселе – Ли Бай туралы үзінді. Өйткені, Қытай әдебиетінің көрнекті өкілі Ли Бай қазақ аудиториясы үшін соңғы кезге дейін беймәлім тұлға еді. Екі мыңыншы жылдары «ойбай, не дейсің, Ли Бай қазақ екен, Шу қаласында туыпты», – деген әңгімелер мен мақалалар, қайдан шыққаны белгісіз бір «тарихи» деректер мүйізі қарағайдай «Қазақ әдебиеті» газетінде бірнеше дүркін жарық көрді, Тіпті, қызды-қыздымен Ли Байды Дулат тайпасының өкілі етіп жібергендер де бар еді.
Бұл ақын туралы Шыңжан университетінің қытай әдебиеті факультетін тәмамдаған, бүгінде тарих ғылымдарының кандидаты, қытайтанушы Әлімғазы Дәулетхан басқаша пікірде. Оның айтуынша, Ли Байды «қазақ қылуға» бар ынта-жігерін сарп еткен Еуразия университетінің кафедра меңгерушісі Дүкен Мәсімхан көрінеді.
Әлімғазы Дәулетханның айтуынша, Дүкен Мәсімхан бұл идеясын жүзеге асыру үшін Өмірбек Байгелді, Нұрлан Оразалин сияқты сол кездегі ықпалды тұлғалардың дуалы аузына «Ли Бай қазақ» деген сөзді салыпты. Сөйтіп, қазақ тілінде бір шумақ өлең жазбаған Ли Бай аяқ астынан қазақ, оның ішінде, Дулат тайпасының өкілі болып шыға келген. Арабша бір ауыз өлең жазбаған Пушкинді «араб ақыны» дегендей болып шыққан.
Енді мына мақалада жазылған «өздерінің қанында ханзу қаны бар, өздерін Ли Байдың тұқымымыз деп атайды», – дегендердің қайдан шыққанын ұға беріңіз! Тұтастай Дулат секілді қабырғалы тайпаны бір-ақ ауыз сөзбен ханзу ұлтының өкілі етіп шығара салған. Бұдан өткен сұрқиялық, бұдан өткен екіжүзділік бола қоймас, сірә!
Қытыққа ши жүгірткен бұл мақаланы Қытайдың мемлекеттік Sohu сайты қарадан-қарап, баса салмағаны анық. Басылым туралы ресми ақпараттарға зер салып, салмақтап көрейікші. Басылымның беделін, медиарейтингін өлшейтін Alexa компаниясының ақпаратына сенсек, Sohu көрілім және оқылым бойынша әлемде жетінші орында екен. Бұл дегеніңіз – басылым әлемдегі ең беделді ондыққа енеді деген сөз. Нью-Йорктағы Nasdaq қор биржасында Sohu 1,9 млрд долларға бағаланған. Басылым Қытай коммунистік партиясының белбаласы екені айдан анық. Яғни, бұл басылымда анау-мынау бос әңгіме емес, Қытай коммунистік партиясы мақұлдаған, арнайы бағыттаған материалдар жарияланады деген сөз. Ендеше, Қытай коммунистері Қазақстанға келгенде, бір саусағын ішке бүгіп жүр ме? Бұл ойлантатын сұрақ.
Ерлан Сайыров, Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы:
«Қытайдың ресми сайттары осылай жазып жатса, бұл мәселеге Сыртқы істер министрлігі дереу назар аударуы керек. Түсінеміз, Қытаймен арадағы экономикалық байланысымыз, достық қарым-қатынасымыз сақталуы керек. Бірақ мынандай нәрсеге көз жұма салуға болмайды. Экономика – экономикамен. Ал біздің тәуелсіздігіміз, мемлекетіміздің қауіпсіздігі ең бірінші орында тұруы шарт. Мына жағдайды реттеу үшін дипломатиялық тетіктерді іске қосу керек. Қажет болған жағдайда, Қытайдың Қазақстандағы елшісін сыртқы істер министрі шақырып алып, түсіндіру жұмыстарын талап етсін немесе тікелей, Қытай Сыртқы істер министрлігінен осы мәселе бойынша түсіндіруді талап етуі керек».
Арман Шораев, қоғам белсендісі:
«Меніңше, Қытай сайттарындағы мұндай нәрселерге қатты мән берудің қажеті жоқ. Өйткені, Қытай ешқандай мемлекетті соғыспен, күшпен басып ала қоймайды. Олар сауда-саттықпен, экономикалық экспансиямен басып алуы мүмкін. Қазірдің өзінде біз Қытайға 11-12 млрд доллар қарызбыз. Экономикамызға салған Қытайдың инвестициясы 23 млрд доллардан асады. Біз осы қарыз алу мәселесінде Қытайдан сақ болуымыз керек. Мүмкіндігінше, қарызды тезірек қайтаруға тырысқанымыз жөн. Тәжірибеден көріп отырғанымыздай, Қытайға қарызын қайтара алмаған мемлекеттер жерінен, мемлекеттік активтерден, немесе кен орындарынан айырылып жатыр. Біз мұндай жағдайға жеткізбеуіміз керек. Одан соң, әртүрлі даңғазасы көп жобалар үшін Қытайдан қарыз алуды, инвестиция тартуды тоқтату керек.
Ал мына мақала бойынша, Сыртқы істер министрлігі Қытайдың дипломатиялық ведомствосынан түсініктеме талап етуі тиіс».
Серікжан Біләшұлы, Тіркелмеген «Нағыз Атажұрт» ұйымының жетекшісі:
«Қытай билігіне тіке қарасты Sohu сайты мен Sina сайтының бұл жазбалары үшбу медиалардың қазақты бірінші рет қорлауы емес. 2010 жылы ҚХР жазушылар одағы мүшесі, Қытай социализм институтының орынбасар ректоры Ху Хұңбау (Hu Hongbao) дегеннің қазақты қорлаған жазбасы жарияланған болатын. «Қазақтар қытайларды ерекше жақсы көреді, үйіне қытайды түнетуге құмар келеді, түнде қытайдың қойынына бойжеткен қызын немесе әйелін салып береді», – деп жазады Ху.
Біз бұған қатаң наразылық таныттық. Баспасөзде көтердік. Өкініштісі, билік үнсіз қалды. Ақыры, Бейжіңге барып, Қытай социализм институтының басшылығымен кездестік. Одан соң, Sohu, Sina, Wangyi сайттары Худың блогын өшірді, Ху ресми кешірім сұрады. Іс бітті. Сотқа беріп едік, сот істі қабылдамай қойды. Ең сорақысы, біздің Сыртқы істер министрлігіміз үнсіз қалды.
Екінші қорлығы, Осы Sohu сайты мен Sina сайты жуырда ғана «Коронавирусты Қазақстан мен Американың бірлесіп құрған Алматыдағы биологиялық зертханасы жасаған», – деп жазды. Билік әлі үнсіз. Бұл жала – сұмдық нән жала ғой. Тұтас адамзатқа апат болып отырған тәжвирусты «Қазақстан жасап шығыпты» деу – тұтас адамзатты қазаққа қарсы қою ғой. Билік үнсіз. Үшінші жаласы – «Қазақстан Қытайдың құшағына қайтадан оралуды зарыға аңсайды» – дейді. «Қазақстанды Қытайға қашан қосып аламыз», – деп ашық жазады. «Қазақстан ежелдің ежелінен Қытай жері», – дейді. Бұл – төзіп тұруға болмайтын қорлық».
Тоқтар Жақаш
P.S.
Қытай сайтындағы қазақ қоғамын қорлаған мақала жайында Сыртқы істер министрлігі, Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжа Сяо газетімізге жауап береді деп күтеміз.
Дереккөз:.zhasalash.kz