Тіпті, 1 теңге борышы бар азаматтың шетелге шығуына тыйым салу – тиімділігі дәлелденбеген «репрессивті» шара. Оның үстіне, бұл талап алдында барша азамат тең емес екені анықталды. Бұған Мақсат Үсеновтің 160 мың теңге салық берешегі бола тұра шетелге емін-еркін сапарлағаны дәлел. «Онсыз да карантин мен шектеуден қажыған халықты кезінде әлдебір топтардың лоббиімен енгізілген қажетсіз құрсаудан босатқан жөн», – дейді сарапшылар.
Жұртшылық өзге елге тек саяхаттау үшін бармайды, ол маңызды іссапарға аттануы, отандық медицинаның қауқарсыздығынан озық дамыған елдің клиникасында емделуі, ота жасатуы, жетекші оқу орнында жасампаз білім алуы мүмкін. Осы мақсатта жұмыстың бабымен, сапардың қамымен жүріп, етегіне сүрініп, мұрнынан шаншылып, қарызының бар-жоғын тексеруді есінен тарс шығарып алуы мүмкін.
Жалпы, борышты тексеру де оңай емес. Біріншіден, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтына кіріп, салық бойынша берешекті көрсететін сервисін табу керек. Айтқандай, «Сведения об отсутствии (наличии) задолженности, учет по которым ведется в органах госдоходов» деп орысша аталатын осы сервистің мемлекеттік тілдегі атауы да қате: «Есебі мемкірістер органдарында жүргізілетін берешегiнiң жоқ (бар) екендiгi туралы мәлімет».
Сервисті МКК сайтының басты бетіндегі «электрондық сервистер» бөлімінен іздейсіз. Онда ол неге екені белгісіз, «Салықтық берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер» деп аталған. Ашылған парақшада (http://kgd.gov.kz/kk/app/culs-taxarrear-search-web) тек салық және бюджетке төленуі тиіс өзге де төлемдерге қатысты берешектер паш етіледі. Азаматтың онда аты жоқ болғанымен, бұл оның шетелге еркін шығуын кепілдендірмейді.
Сондықтан екінші қадам ретінде Әділет министрлігінің сайтына жүгіну қажет. Онда «Қазақстан Республикасы шегінен шығуы уақытша шектелген тұлғалардың тізімі» (https://aisoip.adilet.gov.kz/public/faces/debtorsReestr.jspx_afrLoop=16898858189207622&_afrWindowMode=0&_adf.ctrl-state=kitprwnwy_4) бар. Бұл ақпараттық жүйе атқару құжаттарын мәжбүрлеп орындатуға арналған.
Салықшылар – сергелдеңнің шебері
Айта кету керек, Мемлекеттік кірістер комитетінің электронды сервисі де, Әділет министрлігінің жеке сот орындаушыларына көмектесетін ақпараттық жүйесі де қаншама адамға қиянат жасады. Мәселен, электронды сервиске барлық салығын уақытылы төлейтін адамдар да кіріп кете береді. Салықшылардың адам аты-жөнін жазуда жаңылысуы кесірінен бір адамның көлік не мүлік салығы ешқандай «темір тұлпары» не баспанасы жоқ азаматтың атына жазылып, ол адам сыртқа шыға алмай қалған жағдайлар жиілеген. Бұл проблема Парламентте көтерілді. Сонда Мемкірістер органы ондай қатені мейлінше азайтуға тырысатынын айтты.
Бұл ретте салық органдарының салық берешегі қалыптасқаны туралы қазақстандықтарды хабардар ету ісінің жолға қойылмағаны қынжылтады. Не дәстүрлі хат, не SMS хабарлама, не электронды пошта арқылы хат келмейді. Салдарынан бұл туралы кеш білген тұлға немесе компания дереу бюджет алдындағы борышын жапқанымен, артынша оған есептелген өсімпұл мен айыппұл шыға келеді. Базада бірден көрініс таппайтын осы қосымша берешектер де шетелге шығуға шектеу қойылуына соқтырады. Сондықтан кейбір қаржыгерлер шекарадан тыс жерлерге бет алатын азаматтарға мемлекет талап еткен алым-салықты 100-200 теңгеге болса да артық төлеуге кеңес береді. Басы артық сома ізінше шығуы мүмкін өсімпұлды жабуға кетеді.
Дәл осындай мәселеге осы сараптама авторының өзі жолыққан болатын. Екі жыл бұрын жазғы демалыста Еуропа елдерін аралап қайтуға бекіндім. Бір апта бұрын берешектің жоқтығын барлық базадан тексеріп, көңіл тоқ жүрген. Сапар қарсаңында қайта тексергенде, салық бойынша 18 тиын (0,18 теңге) қарыздың әлдеқайдан шыға қалғаны. Мемкірістер органының маманы тіпті бір тиын болса да, кеденшілер шетелге шығармайтынын айтты. Қаржыгер маманның кеңесімен «Қазпошта», сондай-ақ әртүрлі электронды төлем жүйелері арқылы 100 теңгеден бірнеше төлем енгіздім. Соның бірі өтсе керек, ертесіне аты-жөнімді борышкерлер тізімінен алып тастап, еш қиындықсыз ұшып кете алдым.
Борышсыз адамнан да ақы жинайды
Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы кез келген адамның қозғалысын шектеп тастай алатын жеке сот орындаушыларының (ЖСО) бассыздығы – халықтың ашу-ызасын тудырып отырған үлкен проблемаға айналды. Өткен жылы елорданың «Байқоңыр» ауданының Мемкірістер басқармасы мамандарынан сұхбат алу кезінде азаматтарға қызмет көрсету залында туған дау-жанжал назар аудартты. Мән-жайын білсек, Людмила Кузнецова 3 баласымен Түркияда демалу үшін 1,5 миллион теңгеге туристік жолдама сатып алады. Алайда әуежайда кедендік бақылау қызметкерлері оның борышкерлер тізімінде тұрғанын хабарлап, сыртқа шығармай қояды. Есінен тана жаздаған ол тексерсе, салық органы 3 теңге қарызы үшін осылай жолын кескен екен. Ашудың арғымағына мінген ол «шаңдағын қағу үшін» басқармаға аттаныпты.
Алматылық Гулназия Абдувалиева сонау 2016 жылы толық өтелген қарызы үшін шетелге шығуға шектеу сақталғанына налиды.
«Содан 2016 жылғы барлық төлем түбіртегін іздеп тауып, қарызды төрт жыл бұрын өтегенімді сот орындаушысы алдында дәлелдеуіме тура келді. 2019 жылғы 20 желтоқсанда ЖСО әділет органына, Саменов деген қызметкерге (Алматы қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Берікбол Саменов) хат жазып, шектеуді алып тастауды сұрады. Одан кейін департаментке былтырғы 30 және 31 желтоқсанда және биылғы жылы бірнеше рет қоңырау шалдым. Алдымен Сәменов қарашадан бері демалыста деп, кейін сырқаттанып жатыр деді. Орнындағы Орынбаев жауап бермеді. Осы мәселенің шешімі сонша созбалаңға салынғаны өкінішті. Ал мен 15 қаңтарда Ташкентке емделуге баруым қажет болатын», – дейді ол. Абырой болғанда, дәл сапар қарсаңында шектеу жойылыпты.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Анастасия Брежнева былтырғы жылдың жазында шетелге шыға алмайтынын біледі.
«Тұрсынхан деген ЖСО сонау 2017 жылғы сот шешімін орындаймын деп маған осындай тыйым салып тастапты. Бұдан бейхабармын. Шекарадан әрі аттап баса алмайтынымды өткен жылғы шілдеде бір-ақ білдім. Біле сала хабарластым. Ол коммуналдық қарызым барын, тыйым сол үшін қойылғанын жеткізді. Содан «Астана су арнасына» барып, еш берешегім жоғын дәлелдеп жүрсем, сот орындаушысы банктегі салымымды бұғаттап үлгеріпті. Сол күні кешке қалалық су арнасынан берешектің қате есептелгені туралы анықтамасын ұсындым. Тұрсынхан өндірістің ашылғанын және оны тоқтата алмайтынын алға тартып, картамнан ақша алып қойды. Бірер күннен кейін ақшаны картама қайтарды, бірақ 14 668 теңге комиссия ұстап қалыпты», – дейді Анастасия.
Ол дереу сот орындаушысын тауып алып, қарыздың қате есептелгенін, мемлекет қателігі үшін азаматтар жауап бермеуі тиісін айтып, комиссияны қайтаруды сұрайды. Сот орындаушысы беруден бас тартқан және сотқа жүгінуге кеңес берген. 3 баланы асырап отырған жұмысбасты ананың сотты жағалап жүруге уақыты да, қаражаты да жетпейтіні мәлім.
Нұр-Сұлтан қаласының Әділет департаменті осы оқиғаны растады, оның дерегінше, 2017 жылғы 10 наурызда ЖСО Тұрсынхан Ж. атына атқару қағазы келіп түседі. Онда А.Брежневадан «Астана су арнасы» коммуналдық кәсіпорны пайдасына 56 281 теңге өндіру керегі белгіленген. Соның негізінде атқару өндірісі қозғалыпты. ЖСО борышкердің шетелге шығуына шектеу енгізіп, қаражатын бұғаттаған. Тұтынушы мұның қате екені туралы анықтама ұсынғасын шектеу алып тасталды. Әділет департаменті жазықсыз жаннан ЖСО-ның өз қызметінің төлемі ретінде 14,6 мың теңге комиссия ұстауын заңды деп табады.
Борышкер қылмыскер емес!
«Жалпы, «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» заңының 120-бабына сәйкес, егер атқарушылық құжат мәжбүрлеп орындатуға ұсынылғаннан кейін орындалса, оны орындау борышкерді ЖСО қызметіне ақы төлеуден босатпайды. Үкіметтің 2014 жылғы 4 мамырдағы №437 қаулысы бойынша ЖСО өндірілген соманың 3-тен 25 пайызы көлемінде, 10 мың АЕК-ке (27 млн 780 мың теңгеге) дейін ақы алуға құқылы. Егер азамат мұнымен келіспесе, сотқа жүгінуі керек», – дейді қалалық Әділет департаменті.
Халықтың наразылығын туғызып отырған шектеуді жою мәселесін өткен жылдан бері Мәжіліс депутаттары ұдайы көтеріп келеді. Биылғы 17 ақпанда депутаттар Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевқа кезекті рет депутаттық сауал жолдап, борышы бар тұлғалардың шетелге шығуына тыйым салу тәжірибесінен бас тартуды сұрады.
Сарапшылар мұндай қатаң шектеу бұрын тек қылмыскерлерге ғана қолданылғанын еске салады: Қылмыстық кодекс талабына сай шартты түрде бас бостандығынан айырылғандарға жазасын толық өтегенше ел аумағын тастап шығуға рұқсат етілмейтін. 2018 жылдан бастап олардың қатарына алимент, коммуналдық төлемақы, әкімшілік айыппұл бойынша берешегі және банктерде төленбеген кредиті бардың бәрі қосылды. Әрине, банктер мен жергілікті билік ілгерілеткен бұл заңды депутаттардың өзі қабылдады. Алайда оның елге қандай зиян әкелгенін енді түсініп, Үкіметке оны жоюды ұсынуда.
Депутат Ирина Смирнова Ата заңға сай азаматтардың қозғалыс еркіндігіне тосқауыл қоюға болмайтынын, сол себепті ЖСО, коммерциялық банктер секілді жеке ұйымдар мүддесі үшін азаматтардың барыс-келісін шектеу дұрыс емесін айтады.
«Бұл банктердің мүддесі үшін енгізілген бап еді. Кейінгі 10 жылда банк секторына 20 миллиард доллардан астам көмек берілді. Олар бәрібір тұрақсыз болып қалуда. Демек, бизнес үшін қазақстандықтардың шетелге шығуын шектеу мәнсіз», – дейді депутат.
Азаматты мемлекет ішінде қамау – ел беделіне нұқсан келтірмек. Кезінде Кеңес Одағы өз азаматтарын солай жазалайтын. Мұндай жағдайда жас ұрпақ Қазақстанды «қамау орны» ретінде қабылдап өсуі мүмкін.
Айхан ШӘРІП