Балалар клиникасының басшысы ақша жымқыру фактісімен ұсталды

1544

Арнайы операция кезінде мекеме қызметкерлерінің ақша жымқырғаны анықталған.

Республикалық «Алатау» республикалық балалар клиникалық шипажайында ақша жымқыру фактісі тіркелді. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Facebook желісінде жазды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Сыбайласпен жемқорлықпен күрес агенттігі жүргізген опеарция барысында мекеме қызметкерлерінің ақша ұрлағаны, азық-түлік және балаларға арналған басқа да өнімдерді сатқаны туралы деректердің анықталғаны белгілі болды.

«Менің қолымдағы ақпаратым бойынша, шипажай директоры Қаншайым Мұсаева мен оның қол астындағылар жыл сайын ақша жымқырып отырған. Ата-аналар тарапынан клиникада жату, тамақтану және емделу үшін төленетін ақшаны бюджетке салудың орнына, өздеріне алған. Сонымен қатар, шипажайда балаларға арналған ет, картоп және т. б. тамақ өнімдерін заңсыз сату фактілері анықталды», — деп жазды Аружан Саин.

Айтуынша, балалар бұл орталыққа мемлекеттік квота арқылы жіберіледі. Ал ата-аналардың өздеріне жұмсайтын шығыны бұл есепке кірмейді екен.

«Ата-аналар тәулігіне 7500-ден 11 000 теңгеге дейін төлейді. Оған қоса, менің білуімше, тамақ үшін күніне 5000 теңге береді. Бұл қаражат мекеменің бюджетіне емес, басшылықтың қалтасына түсіп отырған. Балаларды, олардың ата-аналарын, бәлкім, қызметкерлерді де тамақтандыру клиникаға бөлінген мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылса керек», — делінген.

Сонымен қатар, Аружан Саин аталған мекеменің елімізде бірегей екенін ескере отырып, онда нақты қандай ауруларға емдеу шаралары жүргізілетінін жазған. «Бұл мекемеде жыл сайын «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» мемлекеттік бағдарламасы бойынша онкологиялық және өкпе аурулары бар 3 жастан 14 жасқа дейінгі балалар ем қабылдайды. Бұл клиника балаларды оңалту саласы бойынша аталған ауруларды емдейтін маңызды мекеме», — делінген жазбада.

Омбудсмен аталған мәселені Денсаулық сақтау министрлігі де өз бақылауына алу керектігін атап өткен.