Ұлыстын ұлы күні –Наурыз мейрамы

1449

Наурыз мейрамы — ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша (22 наурыз) күн мен түннің теңесуі кезіне келеді. Көне парсы тілінде «нава» — «жаңа», «рәзаңһ» — «күн», «жаңа күн» мағынасында, қазіргі парсы тілінде де сол мағынамен қалған («но» — «жаңа», «роуз» — «күн», мағынасы «жаңа күн»), яғни «жаңа жылды» (күн өсуін белгілеуі) білдіреді.

Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында баяғы замандардан орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер «патрих», тәжіктер «гүл гардон», бирмалықтар «су мейрамы», «бәйшешек», «гүлнаурыз», хорезмдіктер «наусарджи», буряттар «сагаан сара», татарлар «нардуган», соғдылықтар «наусарыз», армяндар «навасарди», чуваштар «норис ояхе» деп түрліше атаған.

Біздін елімізде дәстүр бойынша Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан — тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын. Адамдар таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады, әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен қауышуды білдіреді.

Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Қызықшылық онан әрмен халық ойындарымен («Айқыш-ұйқыш», «Ақ серек пен көк серек», «Алқа қотан», т.б.), ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, «Қызғалдақ» мерекесімен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін де, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы тамашамен аяқталатын. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады.

Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде (1920 – 1925 ж.ж.) шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы ол «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деп танылып тоқтатылды, бірақ Қазақстанның бар аумақтарында жасырын түрде сақталып қалды. 1988 жылдан Алматы қаласында, Республиканың көптеген аудандарында Наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады.

22 наурыз — Наурыз мейрамы (жаңа жыл) екенін қазақ баласының көбі біледі. Наурыз көптен бері бүкіл ұлтқа ортақ мейрам. Наурыз ұлт мейрамы болғандықтан оның тарихи маңызының тереңдігі бар. Ызғарлы қыстың кетіп, жан иесіне өмір қуатын туғызған жыл. Жаздың келетіндігіне барлық жаратылыспен қатар қазақ елі де қуанатын.

Жыл сайын М.Ауезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің әскери кафедра ұжымы наурыз мейрамын жанұя мүшелерімен, студенттердің қатысуымен өткізетін. Қазіргі таңда, 2020 жылдан бастап елімізде індетке қарсы шектеулер енгізілген соң, Наурыз мейрамының қысқаша тарихы студенттерге жеткізіліп, құттықтау онлайн түрде жалғасуда.

Келешекте біз індетті бірге жеңеміз! Наурыз мейрамын әдеттегідей тойлап өткізуімізге сенеміз!

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Наурыз мейрамы құтты болсын.

Ахметов И.Н.,

М.Әуезов атындағы ОҚУ әскери кафедрасының

оқытушысы, запастағы подполковник