«Өзінің «ставкасы» бар»: заңгер жердің қалай таратылатынын ашық айтты

1538

Заңгердің айтуынша, жерді тарататын комиссиялардың тең жартысы қоғам өкілдерінен құралса да, сыбайлас жемқорлық әлі тыйылмай тұр, керісінше, көбейіп кеткен

Бүгінде ауылға барсаң, «анау пәленшенің жері, мынау пәленшенің жері» деген әңгімелерді жиі естисің. Әкімнің аты да аталып жатады. Ол болмаса да, туған-туыстарын, я болмаса, таныс-тамырластарын айтады. Иә, соның бәрі бәзбіреулердің әдейі таратқан қаңқу сөзі де болуы мүмкін. Бірақ жергілікті жерде әкімсіз ештеңе шешілмейді. Ол – факт. Ал «жел тұрамаса, шөптің басы қозғалмайды». Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген жер қатынастары бойынша кәсіби заңгер, қазір жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі Бақытжан Базарбек осы саладағы заң бұзушылықтар туралы айтып берді. Жерді тарату «схемасын» да түсіндірді.

«Қоғам өкілдерінен» пайда жоқ

Бүгінде жер әкімдік жанынан құрылатын комиссиялар арқылы таратылады. Оны бәрі біледі. Бірақ осы комиссиялардың ішкі «кухнясын» көбісі біле бермейді. Бұрын құрамында шенеуніктер көп болды. Содан сыбайлас жемқорлық тыйылмай отырған. Ал 2018 жылдан бастап комиссиялардың тең жартысы қоғам өкілдерінен тұрады. Бірақ жемқорлық әрекеттері азайған жоқ, керісінше, көбейіп кетті.

«Қоғам өкілдері» деген кімдер? Алдымен мәслихат депутаттары, одан кейін «Атамекен» палатасының өкілдері, ақсақалдар кеңесінің мүшелері, шаруа қожалықтарының иелері, жергілікті қоғамдық кеңес өкілдері. Міне, 2018 жылдан бастап осы адамдар жер комиссияларының мүшесі бола алады. Жағдай түзеледі деген үміт болған. Бірақ тексерістің нәтижесінде сыбайлас жемқорлықтың азаймағаны анықталды, керісінше, көбейіп кетті. Осылайша, шенеуніктердің жұмысын бақылап тұрсын деп кіргізген «қоғам өкілдеріміз» заңсыз шешімдерге тосқауыл қоюдың орнына өздері сол заңсыз шешімдерге себепкер болды», — дейді Базарбек.

Оның айтуынша, кейбір аудандарда «қоғам өкілдері» 100-500, тіпті, 1 000 гектар жер рәсімдеп алған. Сөйтіп, комиссияның құрамында отырып, өз-өзіне дауыс берген.

«Енді, комиссияның құрамы бір жыл бойы өзгермейді ғой. Оған 13 немесе 11 адам кіреді. Олар бір-бірін жақсы біледі. Жартысы – шенеуніктер, қалғаны – қоғам өкілдері. Содан біреу жер алғысы келсе, оған ешкім бөгет жасамайды. Өйткені ертең басқасы алады, оған да дауыс керек болады. Сөйтіп, бір-біріне дауыс беріп, заңсыз шешім шығарып отырады. Ал мемлекет меншігіне жататын жерлер комиссия мүшелері мен олардың туған-туысқандарының қолына өтіп отырады», — деп атап өтті заңгер.

Жауапкершіліктен қорықпаудың себебі бар…

Заң бойынша комиссияға кіретін шенеунік өзіне немесе туысқанына жер алса, жауапкершілікке тартылады. Бірақ ондайда сөгіс немесе қатаң сөгіс сияқты тәртіптік жаза ғана қарастырылған. Ал «қоғам өкілін» жауапқа тарту мүмкін емес.

«Себебі ол мемлекеттік қызметкер емес. Оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңмен де, мемлекеттік қызмет туралы заңмен де қудалай алмайсың. Содан олар жаппай жер алуға қорықпайды. Өзіне, туысқанына, әкесіне, шешесіне, іні-қарындасына рәсімдей береді», — дейді Базарбек.

Оның айтуынша, әкімдер де жауапкершіліктен қорықпайды. Себебі жазадан құтылып кететінін жақсы біледі.

«Мысалы, жерді заңсыз беру немесе нысаналы мақсатын ауыстыру бойынша қылмыстық іс қозғалса, әкім жер комиссиясына сілтей салады. Иә, мен қаулы қабылдадым, бірақ оған комиссияның қорытындысы бойынша қол қойдым, сондықтан алдымен жер комиссиясын жауапқа тартыңыз дей салады. Ал жер комиссиясында бір адам емес, 13-15 мүшесін қалайша жауапқа тартасың? Комиссия төрағасы – әкімнің орынбасарын да жазалау қиын. Өйткені бір ғана дауысы бар», — деді Базарбек.

Сарапшының сөзіне қарағанда, бүгінде жер комиссияларының әрбір мүшесін жауапқа тарту мүмкін емес. Себебі Қылмыстық кодексте ондай жауапкершілік көрсетілмеген. Содан тергеуші ары жүгіреді, бері жүгіреді, кімді жауапқа тартатынын білмей, қылмыстық істі жауып тастауға мәжбүр болады. Осылайша, республика бойынша жүздеген қылмыстық іс тоқтатылады. Шенеуніктер мұны жақсы біледі. Бүгінде жер таратудың «ставкасын» да енгізіп қойған. 

«Мысалы, бір клиент келеді де, маған жер керек немесе жердің нысаналы мақсатын ауыстыру қажет дейді. Әкімнің делдалдары ақшаны алады. Ал әкім комиссияға тапсырма береді. Өйткені комиссия төрағасы өзінің орынбасары, басқалары да орындаушы қызметін атқарады. Әр аумақта өзінің «ставкалары» бар. Енді, барлығына топырақ шашудан аулақпын. Бірақ сыбайлас жемқорлықтың бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды», —  деді Базарбек.

Комиссиялар толығымен таратылады

Жер реформасы жөніндегі комиссия осы мәселені жан-жақты зерделеп, жергілікті комиссияларды толығымен таратып тастау қажет деген шешімге келді. Цифрландыру аясында бір ғана жауапты адам болады. Ол — әкім.

«Әкім тиісті қаулы қабылдайды. Оған дейін электронды акті барлық уәкілетті органның қарауынан өтеді. Әкім де бәрін электронды форматта жасайды. Осының арқасында жерді беру мерзімі қысқарады. Бұрын екі ай болса, қазір 17 күн, ал цифрландыру аясында одан да жылдам жасалады. Екіншіден, жерге өтініш берген адам шенеуніктердің алдына бармайды, әкімдіктің табалдырығын тоздырмайды. Бәрін үйде отырып, жасай береді», — деп жалғастырды Базарбек.

Ендігі кезекте осы шешімді заңды түрде бекітіп, іске асыру қажет. Алдағы уақытта арнайы заң жобасы аясында тиісті түзетулер енгізіледі деген жоспар бар.

«Бүгінде жер комиссиясының мүшелері осы бастаманы қолдады. Комиссиялар әзірше істей тұрады. Себебі ақпараттық жүйелерді ретке келтіру керек. Сосын ауыл шаруашылығы жерлерін беруді тоқтатпау қажет. Ал 2023 жылдан бастап жер комиссиялары толығымен таратылады. Әкім де жауапкершіліктен қаша алмайды. Өйткені жалғыз өзі қабылдаған қаулысына жауап береді»,  — деді заңгер.

10 сотық жерді тездетіп таратуға болады

Бақытжан Базарбек қазақстандықтарға 10 сотық жерді таратудың тың әдісін ұсынып отыр. Әйтпесе, қазіргі кезектің жылжитын түрі жоқ. Мәселен, республика бойынша жеке үйін салуға ниетті 1,5 миллион адам бар. Бірақ жер телімдері тек кезек бойынша ғана беріледі. Сосын оған негізгі инженерлік желілер, яғни, су мен электр энергиясы тартылуы шарт. 

«Республикалық маңызы бар үш қаланы ғана алатын болсақ, ол – Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент, осы қалаларда жер кезегінде тұрған адамдардың саны 400 мыңнан асып кеткен. Ал жеке үй құрылысына жер телімін беру үшін инженерлік желілерді тарту қажет. Ол үшін тендер өткізіледі. Құрылыс-жобалау жұмыстары бар. Одан кейін республикалық бюджеттен жергілікті жерге ақша жіберілуі тиіс. Бірақ бюджет қаржысының тапшылығы және тағы басқа мәселелерге байланысты жер телімдері өте баяу таратылады», — дейді Базарбек.

Маманның есебіне сәйкес, алдағы 15-20 жылдың ішінде 150-250 мың адамға ғана жер телімін беруге мүмкіндік бар. Бұл – оптимистік болжам. Барлығы бюджетке және инженерлік желілерді тартуға бөлінетін қаражатқа байланысты болады.

«Сонда қалған 1 миллион 300 мың адамның жерін қашан береміз? 5-60 жылдан кейін бе? Мысалы, қазір 2005 жылы желтоқсанда және 2006 жылы қаңтарда түскен өтініштер бойынша ғана ақысыз жер телімдері беріліп жатыр. Иә, осыны естіген халық та әне-міне беріліп қалады деп, үміттеніп қалуы мүмкін. Бірақ, өкінішке қарай, алдағы 20-30 жылдың ішінде тізімде тұрған 200 мың адамға да жердің берілуі екіталай», — деді заңгер.

Осы орайда сарапшы инженерлік желілерді мемлекеттік-жекешелік серіктестік негізінде жасау қажет деп санайды. Ондайда кәсіпкерлер алдымен қажетті инфрақұрылымды өздері салып береді. Артынан халыққа қызмет көрсетіп, табыс таба алады. Осының арқасында жер телімдерін тездетіп таратуға мүмкіндік бар. Заңгер жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысында осы ұсынысты жариялаған. Бірақ әзірше ешқандай шешім қабылданбады.