«Бұл жағдай жанымды ауыртты»: Баян Алагөзова өзіне тағылған айыпқа жауап берді

1400

Қазақстандықтарды сан соқтырып кеткен Astex.kz инвестициялық компаниясы желіде қызу талқыланып жатыр. Компанияны Баян Алагөзова, сонымен қатар вайнерлер жарнамалаған

Қазақстандық продюсер Баян Алагөзова өзі жарнамалаған компанияның жүздеген адамды сан соқтырып кеткеніне қатысты пікір білдірді, деп жазады Nege.kz.

Жуырда 200-ге жуық алматылық тендерден пайда көремін деп, Astex.kz компаниясына құйған 2 миллиардын қайтара алмай жүргені белгілі болды. Ақшамен қоса компания қожайыны да ұшты-күйлі жоқ болып кеткен. Бұл компанияны бір жылдары Баян Алагөзова жарнамалаған.

«Расымен де компанияға қатысты түсініксіз жағдай болып жатыр. Бұл үш жыл бұрын, 2019 жылы болған оқиға. Мен сол кезде екі жас жігітпен таныстым. Екеуі ағайынды екен. Тәрбиесі дұрыс, мәдениетті жігіттер сияқты көрінді. Олар менен нарықта жұмыс істеп жатқан компанияларын жарнамалап беруді сұрады. Олардың келісімшартын қарап, жұмысына разы болған клиенттерін көрдім. Қысқасы, дұрыс компания екеніне менің көзімді жеткізгендей болды. Ол кезде шынымен де солай болатын», — деп жауап берді Алагөзова сайтқа берген сұхбатында.

Продюсер олардың адал жұмыс істейтініне сол кезде еш күмәнданбағанын жеткізді.

«Күмәнді нәрсені жарнамалауға бармайтын едім ғой. Енді жағдай өзгеріп кетіпті. Қазір компания Astex деп аталмайды екен. Ағайындылар бірге жұмыс істемейтін болған. Мәселе «Мудараба капитал» деп аталатын компаниямен қосылғаннан кейін басталған. Бұл компания туралы бұрын-соңды естіген емеспін. Сондай-ақ Astex.kz деген компанияны да ешқашан жарнамалаған емеспін. Менің түсінуімше, барлық мәселе ағайынды жігіттер екіге бөлініп, олардың бірі басқа компания құрғаннан кейін туындаған. Ал бұған менің еш қатысым жоқ», — деді Баян Алагөзова.

Ол сондай-ақ ағайындылардың бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын білмегенін айтты.

«Instagram табыс көзіне айналғаны ешкімге жасырын емес. Жас кәсіпкерге қолдау көрсету үшін ол пісірген күлшеге жарнама жасауым мүмкін. Ал ертең сол күлшені жеген адам уланып қалса, бұған да мен жауап беруім керек пе?», — деді продюсер.

Баян Алагөзова жас кәсіпкерлерге жарнама жасап көмектесіп жүретінін айтып өтті.

«Мен бір рет жарнамалаған компанияның әлгіндей болып шыққаны жанымды ауыртты. Astex.kz, «Мудараба капитал» деген компанияларды білмеймін, олардың басшысын танымаймын. Танымағандықтан, ақталып әуре болмаймын. Мен жарнамалаған кезде ол компания шынымен де жақсы жұмыс істеген. Ал одан кейін не болғаны, ағайындылардың не үшін келіспей қалғаны, неге ақша бөлісе алмағанының маған қатысы жоқ. Бүгін жақсы көрініп, ертең жаман адамға айналғандар үшін жауап бере алмаймын», — деп жауап берді ол.

Ол сондай-ақ құқық қорғаушылардың өзінен жауап алуға шақырған-шақырмағаны туралы сауалға жауап берді.

«Мені полицияға шақырған жоқ. Егер шақырса, заңды құрметтейтін азамат ретінде тергеуге барып, түсініктеме беремін. Қолымнан келгенше көмектесемін. Өйткені адамдар шынымен де зардап шекті. Дегенмен адам әлдебір күдікті компанияға ақша салар алдында ойлануы керек. Зерттеу жасап, компанияның немен айналысатынын бақылауы қажет. Мен жарнама жасаған компания мен алаяқтық жасаған компанияны шатыстырып, жұрт мені нысана етіп қойды. Журналистер жағдайды дұрыс түсінбей, мен түскен жарнаманы қайта-қайта көрсетіп жатыр. Қайталап айтамын, мен жарнама жасаған компания ол кезде адал жұмыс істеген», — дейді продюсер.

Оның сөзінше, шудың шеті шыға бастаған соң Алагөзова ағайындының бірімен сөйлескен. Олар да бұған Баянның қатысы жоқ екенін, бауыры екеуі тіл табыса алмаған соң осындай мәселе туындағанын жеткізген.

«Оның аты – Шыңғыс. Мен оған наразы екенімді, мені жаманатты еткендерін айттым. Не себепті бұлай болғанын сұрадым. Ол: «Баян, бұған сіздің еш қатысыңыз жоқ. Бауырым екеуміз тіл табыса алмадық. Бауырым басқа компания құрып, біреулермен біріккен соң осындай мәселе туындады», деп жауап берді. Жұртқа айтарым, сақ болу керек. Ақша табу оңай емес. Иненің жасуындай күдігіңіз болса, ондай компаниядан аулақ жүру қажет», — деп түйіндеді сөзін Алагөзова.

Astex.kz-тің басы-қасында жүрген – ағайынды Шыңғыс пен Алмас Құрманғалиевтар. КТК арнасының хабарлауыша, екеуі де осыған дейін істі болған. Алмас Құрманғалиев 2010 жылы монополияға қарсы инспекцияда жұмыс істеп жүріп, 5 мың доллар пара алғаны үшін сотталса, Шыңғыс сол жылдары қаржы полициясының қызметкері бола тұра, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін жаза арқалаған.