ӘЛЕУМЕТТІК ПОРТАЛ АРҚЫЛЫ 500 МЫҢҒА ЖУЫҚ ОҢАЛТУ ҚҰРАЛЫ ЖЕТКІЗІЛДІ

325
Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдар техникалық оңалту құралдарының 55 түріне және түрлі қызметтерге онлайн тапсырыс бере алады. Портал мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үйінен шықпай ЭЦҚ көмегімен көптеген мүмкіндік ұсынып отыр.
Оңалту құралдары 14 күнде және тегін жеткізіледі. Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері қалада мүгедектігі бар 2510 адамға нақты 488 445 оңалту құралы жеткізілген.
– Шын мәнінде, портал кәдімгі интернет-дүкенге ұқсайды. Мүгедектігі бар азаматтар оңалту құралы мен қызметін сапалы және делдалсыз еркін таңдауға және үйге жеткізуге толық мүмкіндік алады. Порталдың өзіндік ерекшеліктері де бар. Біріншіден, мұнда ЭЦҚ арқылы кіруге болады. Оның еш қиындығы жоқ. Екіншіден, таңдауға мүмкіндік бар. Егер техникалық оңалту құралының қымбат түрін таңдаған жағдайда, үстіндегі ақшасын өзі төлеп ала алады, – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Ерман Бекмұратов.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарды, сондай-ақ кресло-арбалармен қамтамасыз ету қарастырылған. Арнайы әлеуметтік қызметтерге жеке көмекшілердің, ымдау тілі мамандарының және санаторий-курорттық емдеу қызметтері кіреді. Биыл оңалту шаралары және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету аясында 22 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматты 31 436 қажетті құралдар мен қызметтермен қамту жоспарланып отыр.