ШЫМКЕНТКЕ 1 МЛРД АҚШ ДОЛЛАРЫНАН АСТАМ ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ КӨЗДЕЛУДЕ

1382
Шымкент қаласында алдағы бес жылда шетелдік инвесторлардың қатысуымен 23 жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде мегаполиске 1 млрд. 155 млн. АҚШ долларынан астам шетел инвестициясы тартылатын болады. Бұл жөнінде қала әкімінің төрағалығымен өткен апталық Инвестициялық штаб отырысында «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Шымкент қаласы бойынша өңірлік директоры Досхан Иманбеков мәлім етті.
Оның айтуынша, 2021-2025 жылдар ішінде қалада 3000 жұмыс орнымен металлургия саласында 3, фармацевтика бойынша 2, машина жасау 4, жеңіл өнеркәсіп 4, денсаулық сақтау саласында 3 жоба болса, құрылыс материалдары, туризм саласы мен сауда, агроөнеркәсіп кешені бағытында 6 жоба жүзеге асыру көзделуде. Бұл бағытта келіссөздер жүргізілуде.
Биыл қалада жалпы құны 744,5 млн АҚШ долларды құрайтын шетелдік инвесторлардың қатысуымен 8 жоба жүзеге асырылатын болса, жыл соңына дейін оның 150 млн АҚШ доллардан астамы игеріледі.
Штаб отырысында қала басшысы еліміздегі инвестициялық климаттың тартымдылығы қазір Еуропадағы кәсіпкерлерді қызықтырып отырғанын және миллионнан астам халқы бар қаламыздың дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.
Zoom платформасы арқылы голандия қызғалдағы бойынша бас сарапшы Марсель Де Мор жане Рини Уонгтманспен байланысқа шыққан қала әкімі, Шымкент жылыжайларында голланд раушандарын өсіру бойынша жобаны талқылады.
Жиында аудан әкімдері шағын және орта кәсіпкерлік саласына тартылатын инвестициялар жайын баяндады. Мәселен, алдағы бес жылда Әл-Фараби ауданында емхана, мейрамхана, қонақ-үй, бизнес және қызмет көрсету орталықтары мен азық-түлік дүкендері сынды құны 17,7 млрд. теңге болатын 42 жоба жүзеге асырылады.
Ал, Абай ауданында шағын және орта кәсіпкерлік саласында 125 жеке инвестициялық жоба жасалды. Олардың жалпы құны 21,8 млрд. теңгені құрайды. Биылғы жылға осылардың 25-і іске асады. Еңбекші ауданында осы жылы 238 орындық жатақхана, 1000 және 600 балаға шақталған екі мектеп, 480 орындық жалпы білім беру мектебінің құрылысы мен 180 орындық балабақшаны қайта құру, үш тұрғын үй кешені, медицина нысандары жалпы саны 14 жобаның құрылысы жүргізілуде.
Жиынды қорытындылаған қала басшысы, сала басшыларына әр жобаны жіті сараптауды және тиімділігін анықтауды тапсырды.