Мамайдың «Конституциясы»: Мемлекеттік тіл — қазақ тілі!

979

Қоғам белсендісі Жанболат Мамай бүгін жаңа Конституцияны жазып шыққанын жариялап, оның жобасын өз қозғалысының сайтында жариялады. Мамай қозғалысы жазып шыққан Конституция 11 бөлім, 138 баптан тұрады.

1-бапта: «Қазақстан Республикасы республикалық басқару жүйесі орнаған тәуелсіз, демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет болып табылады. Биліктің қайнар көзі халық болып табылады», — деп келтіріпті.

10-бапта жер мәселесін қарастырыпты. Онда былай делінген: «Жер тек қана мемлекет меншігінде болады. Шетелдік азаматтар, шетелдік заңды тұлғалар және азаматтығы жоқ адамдар жерді жалға да, сатып та ала алмайды».

Ал 22-бапта шешімін таппай келе жатқан мемлекеттік тіл жайлы жазады: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі. Қазақстан Республикасы орыс тілін және басқа этникалық азшылықтардың тілдерін сақтауға құқық береді. Әрбір азамат өзінің балаларын тәрбиелеу мен үйретуде өзінің ана тілін қолдануға құқы бар», — делінген.

24-бапта ол ел астанасына қатысты сөз қозғайды. Онда: «Қазақстан Республикасының астанасы — Алаш-Орда қаласы болып табылады», — делінген.

Естеріңізде болса белсенді Жанболат Мамай мен Бауыржан Байбек арасындағы сот процесі екі күн бұрын аяқталды. Онда Жанболат Мамай кінәлі деп табылып, 800 мың теңге өтемақы төлеуге және Бауыржан Байбекті айыптаған барлық видеоларын өшіруге міндеттелген болатын.

Abai.kz