Биыл қуаңшылықтан кей өңірлерде мал қырылу оқиғалары орын алуда. Алдымен Маңғыстау өңірінде мал қырылып жатқаны жайлы хабар тарады. Соны естіген Шымкент қаласының 25 жастағы тұрғыны Құрмет Талапқазы Батыстағы қуаңшылыққа тап болған малды ауылдарға жем-шөп жіберу үшін екі аптадан бері дипломдық жұмысын жиып қойып шөп шауып жүр.
«Жер-жерде малдың жұттан қырылып жатқанын әлеуметтік желі арқылы білдім. Қырылған мал мен оның иелеріне жаным ашып, іске кірістім. Істейтін ісім немесе басқа уайымым жол болғандықтан бұл істі қолға алғаным жоқ. Сарыағаш, Жетісай, Шардара халқы үніме құлақ асып, жұмыстың бір жағына шығысып жатыр», — дейді ол.
«Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» дегендей Құрметке бүкіл аймақтардан үн қосушылар қатары көбейіп келеді. Кейбіреулері келіп шөп орысып, жинасып кетіп жатса, енді біреулері ауылдастарынан жинаған қаржыларын салып жіберуде.
Бүгінге дейін 5 вагон шөп жинап, вагондарға тиеуде негізінен Құрмет жалғыз өзі шауып жүр екен. «Вагонның жол ақысын халықтан жиналған ақшамен өтейміз. Әр вагон 380 000 теңгеден түсті. Сарыағаш ауданында шабатын шөп таусылғанша жүреміз. Павлодар облысынан шабындық берген адамдар бар. Кейін сонда баруымыз мүмкін», — дейді Гүлшан Артықбаева есімді ерікті.
Құрметтің өзі Маңғыстауға біраз шөп жіберген соң Қызылорда өңіріне көмектесуге кірісетіндерін айтады. Әрине жас жігіттің бастамасын жастар да ересектер де қолдап, елдік танытып жатқаны маңызды. Бұл қазағымның елдік, бірлік қасиеті, қиналғанға жәрдемдесер кең жүректілігі сақталып қана қоймай жастар бойында қайта жалындап келе жатқанын көрсетеді.