Ақтауда вакцина паспортының «құны» 50 мың теңге…

1325

Маңғыстау облысында медициналық мекемелерінің қызметкерлері вакцинация құжатын делдалдар арқылы 30-50 мың теңгеден сатқаны анықталды. Олар екпе алмаған адамдарды алды деп көрсетіп, деректер базасына енгізген. Құжаттарды қолдан жасау барысында 150 астам азаматқа вакцина құжаты беріліп үлгеріпті.

 Облыстық полиция қызметкерлері Ақтау қаласында жүргізген арнайы іс-шара барысында жалған вакцинация паспорттарын нақты егу рәсімінен өткізбестен сатқан 8 дәрігер мен делдалды анықтап отыр.

«Делдалдардың әрқайсысы өздерінің үлестерін алып отырған. Қаржының негізгі бөлігін дәрігерлерге берген. Бұл сыбайластық жүйе қай уақыттан бері жұмыс істеп жатқаны анықталып жатыр. Қанша адам вакцинация құжатын жалған жолмен алғанын, басқа да адамдардың бұл іске қатыстылығын тексеруде»,  дейді Маңғыстау облысы ПД басшысының орынбасары Алтынбек Қалиев.

Полицияның тексеруі кезінде ұсталған дәрігерлер жалған құжат жасағандығын мойындады. Енді оларға қылмыстық кодекстің 385-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда. Яғни, тергеу болжамы сотта дәлелденсе топталып, бірнеше мәрте қылмыс жасаған дәрігерлер мен делдалдар  төрт мың айлық есептік көрсеткiшке (11 миллион 668 мың теңгеге) дейiнгi айыппұлға жығылуы мүмкін. Немесе төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтары шектелуі не  айырылуы мүмкін.

Жанкелді Қаржан