Президент биылғы жолдауында не деді?..

417

ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялауда… Онда айтылған негізгі мәселелерді оқырман талқысына ұсынамыз…

Президент қандай мәселелерді көтеруде? Қараңыз:

***

«Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік», — деді Президент.

***

«Осы күндерде жұртымыз Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жете түсінді. Біз мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық», — деді.

***

«Мен қашанда бәрін ашық айтып жүрмін. Індет кезінде қалыптасқан ахуал жөнінде жұртшылыққа үнемі ақпарат беріп отырдым. Кешегі қатерлі күндерде Мемлекет басшысы ретінде халыққа арнап бірнеше үндеу жасадым», — деді Мемлекет басшысы.

***

Төңкеріс жасамақ болған жоғары лауазымды тұлғалар туралы

«Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болды. Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады. Олар күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді», — деді.

***

«Сатқындардың опасыздығы құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтірмеуге тиіс. Онда қызмет ететін азаматтар да – өз бауырларымыз. Олар елмен бірге екенін, туған халқы үшін қасық қаны қалғанша күресетінін дәлелдеді», — деді.

***

«Заң барлығына ортақ. Қарапайым адамдар үшін де, билігі бар адамдар үшін де, қоғам белсенділері үшін де — бір ғана Заң бар», — деді.

***

«Мен бүгін еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынғалы отырмын. Бұл құжат, ең алдымен, қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген», — деді Президент.

***

«Біз бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті», — деді Мемлекет басшысы.

***

«Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет. Осы орайда, Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын», — деді.

***

«Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн. Сондай-ақ, мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын», — дейді Президент.

***

«Демократия тарихы дегеніміз – ең алдымен, сайлау рәсімдерін жетілдіру тарихы. Сондай-ақ, сайлау заңнамаларының сақталуын бақылау тарихы деуге болады. Осы орайда, мен байқаушылардың құқықтары мен жауапкершілігі нақты белгіленуге тиіс деп санаймын», — деді.

***

Президент билік партиясынан кетеді

«Мен Президенттің өкілеттік кезеңінде партияға мүшелігін тоқтату міндетін заңнамалық түрде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекелестікті арттырады, барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы әкімдердің партия филиалдарын басқаруды тоқтату керектігін айтты.

«Әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында қызмет атқаруға заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көпполярлы партиялық жүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді», -дейді ол. «Қасіретті қаңтардың» маңызды сабағы-мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолындағы өкілеттіктердің шоғырлануы оған жақын адамдар мен қаржы-олигархиялық топтардың әсерін негізсіз күшейтеді. Олар мемлекетті жеке меншік ретінде қабылдайды», — деді Президент.

***

Конституциялық сот құруды ұсынды

«Мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын. Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін», — деді Президент.

***

«Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез-келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды», — деді Мемлекет басшысы.

***

Абай облысы құрылады

«Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған», — деді Президент.

***

Ұлытау облысы құрылады

«Тағы бір мәселе. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім», — деді Тоқаев.

***

Жетісу облысы құрылады

«Үшінші мәселе. Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады», — деді Президент.

***

«Бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертеді. Оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ, жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек», — деді Президент.

***

«Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан, баршаңызды Жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін», — деді Мемлекет басшысы.

***

Ұлттық құрылтай құрылады

«Біз бірліктің бастауы болған дала демократиясының бастауын жалғастыруымыз керек. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды ұлттық құрылтай құруды ұсынамын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, жаңа құрылым ұлттық кеңестің қызметін орталық деңгейде жалғастыратын болады.

«Құрылтай — қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі қоғамдық кеңестің бәрін өз айналасына топтастырады. Ұлттық құрылтайдың құрамында барлық аймақтың өкілдері болады. Сондай-ақ, оған Парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы ассамблеясы, азаматтық альянс, қоғамдық кеңес пен ұйымдардың мүшелері, белгілі мемлекет қайраткерлері және тағы басқа кіреді», — дейді ол.

***

«Азаптаулармен байланысты қылмыстарды тергеп-тексеруге жүйелі тәсілдеме керек. Қазіргі уақытта бұл бағытқа жауап беретін нақты бір орган жоқ. Бұл тәжірибе белгілі бір сын-қатер тудыруы мүмкін. Сондықтан бұл функцияларды Бас прокуратураға міндеттеуді ұсынамын. Бұл тәсіл тергеудегі ашықтық пен бейтараптықты қамтамасыз етеді, құқық қорғау саласындағы бассыздық үшін жазаның бар екенін көрсетеді», — деді Қ. Тоқаев.

***

«Қазір Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Әлеуметтік, экономикалық және демографиялық ахуал мүлде басқа. Бүгінгі сын-қатерлер де, міндеттер де бөлек. Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты. Бұл мәселеге 2019 жылғы Жолдауымда кеңірек тоқталдым. «Қуатты өңірлер, қуатты ел» деген ұстаным өзекті. Осы орайда еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы өте маңызды», — деді Мемлекет басшысы.

***

«Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп аталды. Бұл қай жағынан алсақ да дұрыс болды. Оны халық өте жылы қабылдады. Мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда осы үрдіс жалғасатынын айтқан едім. Содан бері азаматтарымыздан көптеген ұсыныс келіп түсті. Менің тапсырмам бойынша оның бәрі мұқият зерделенді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

***

«Маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Мені ең алдымен, халқымның болашағы қалай болатыны толғандырады», — деді Президент.

Abai.kz