Қазақстанда «жеке сот орындаушысы» деген атау жойылуы мүмкін

451

Әділет министрлігі осындай ұсыныспен шықты. Жаңа Қазақстанда жеке сот орындаушыларының қиянаты да тыйылса жөн.

2010 жылғы 2 сәуірде «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңы қабылданды. Оған сәйкес, атқарушылық құжаттарды орындатудың баламалы тетігі енгізілді, мемлекеттік приставтарға қоса, елде ЖСО-лар пайда болды.

Содан бері ел бұлардан қаншама теперіш көрді. Сот үкімі негізінде қарызды өндіріп алушы жеке сот орындаушыларының былық, лас істері туралы ақпарат құралдары көп жазды. Әлеуметтік желілерді де кернеп тұр. Бірақ билік түйткілге көз жұма қарап келді.

Салдарынан, мәселен, кеше белгілі болғандай, Павлодарда жеке сот орындаушылары кепілдікке қойылған 40 үйді жалғыз адамға сатқан. Әрі нарықтағы бағадан 5 есеге дейін арзанға өткізген. Осылайша, бұқара мен бизнестен берешегін өндіруден күреп табыс табатын, осы істі индустрияға айналдырып алған мықтылар дәуірлеуде.

Ақпарат құралдары баспанасынан айрылып қалғандардың сөзіне сілтеме жасап, мұның артында ұйымдасқан қылмыстық топ тұруы ықтимал деп жорамалдайды. Үйінің аукционға қойылғанын тіпті үй иесі де білмей қалған жағдайлар кездескен. Павлодар қаласының тұрғыны Ақылбек Сіләмов бұрынғы үйінде 17 жыл тұрған. Баспананы несиеге сатып алып, негізгі қарызды төлеген. Алайда, 5 млн теңге берешегі ғана қалған кезде әл-ауқаты нашарлап, төлей алмапты. Осы кезде ЖСО-лар үйін небәрі 5 млн теңгеге бағалап, сатып жіберген.

«Аукционның өткенін білмей қалдық. Сот орындаушысы келіп, үйді босатыңыздар дегенде ғана білдік. Кудиенко дегенге 5 млн теңгеге сатып жіберіпті. Бұл үйдің нарықтағы бағасы 25 млн теңге тұрады», – дейді А.Сіләмов.

ЖСО-лардың өңірлік палатасынан нәтиже болмаған соң, амалы таусылған тұрғындар соттасуға ниетте. Одан да ештеңе шықпаса, шұбырып, елордаға бармақ.

ЖСО-лардың елге қандай қиянат пен қиындық жасап отырғанын келесі статистикадан аңғаруға болады. Жоғарғы Соттың мәліметінше, 2021 жылғы 1 шілде мен 30 желтоқсан аралығында республиканың әкімшілік соттарына жалпы саны – 14 469 іс келіп түсті. Соның ішінде 34%-ы (!) немесе 4 926 талап арыз – тек қана ЖСО-лардың іс-әрекетіне қатысты көрінеді.

2021 жылдың қорытындысы бойынша Әділет министрлігіне азаматтар мен заңды тұлғалардан осы мәселеге қатысты жалпы 7 мыңға жуық өтініш түсті.

Бұқара мен бизнестің қиналуына бюрократия да үлес қосып отыр.

  • Біріншіден, Қазақстан Үкіметінің тапсырысымен «Сот төрелігі секторын институционалдық нығайту» жобасы аясында Жеке орындау жүйесін дамыту стратегиясын әзірлеген шетелдік сарапшылар бір мәселеге назар аудартыпты. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңы қабылданғаннан кейінгі 12 жылда оның нормалар үнемі өзгерумен болған. Нақтылай кетсек, осы мерзімде түрлі 57 заңмен осы заңның 116 бабына 397 түзету енгізілді. Тағы 11 бап алып тасталды, 10 жаңа бап пайда болды. Жиі-жиі түзету енгізе беру, қолданыстағы нормаларды тосыннан алып тастау және жаңаларын қосып отыру адвокаттарды да, соттарды да, ЖСО-ларды да жаңылыстырып бітті.
  • Екіншіден, орындау өндірісі заңнамасына Әділет министрлігінің сарапшылары жүргізген талдау оның тиімсіздігін, құқықтық олқылықтары мен қайшылықтарын және олардың себептерін анықтаған. Сарапшылар «бүгінде бұл заңдағы ережелер нақты жүйеленбеген» деген қорытындыға келді. Бүкіл заң былыққа батып, нормалары бытысып жатыр. Мысалы, ақшаны өндіріп алу мәселесі «Борышкердің мүлкінен өндіріп алу» (7-тарау) және «Борышкердің ақшасынан өндіріп алу» (9-тарау) деген екі тарауда көзделген, бірін-бірі қайталайды. Өйткені ақша да мүлікке жатады.

Мүліктен өндіріп алуды регламенттейтін заңның нормалары (7-тараудың 1-параграфы) және тыйым салу (7-тараудың 2-параграфы) осы әрекеттерді жасаудың процестік реттілігін бұза отырып жазылған. Бұғаттауға жол берілмейтін қаражаттар тізбесі (62-бап) және өндіріп алуға жол берілмейтін қаражаттар тізбесі (58-бап) деген ұқсас баптар бар, бірақ олар өзара үйлестірілмеген. Бірінде өндіріп алуға тыйым салынатын ақша көзі екіншісіне енбей қалған. ЖСО-лар оны қалағанынша пайдаланады. Соның кесірінен, заң нормаларын түсіну және дұрыс қолдану күрделендірілген.

Жаңа заң жобасында нормалар жүйеге түсірілуге, ұқсас немесе біртекті іс-қимылдарды реттейтін баптар біріктіріліп, құрылымдануға, тұтастай алғанда, заңның өзі нақты әрі түсініктірек жазылуға тиіс.

«Экс-судьялар мен прокурорлардың ЖСО болуға білімі жете бермейді»

Үшіншіден, ЖСО-ларға қарапайым адам түгіл, құзырлы органдардың тісі батпауы мүмкін, өйткені ЖСО-лардың біразы билікте, күштік құрылымдарда тірегі бар немесе өзі «тіреп тұрған» ығай мен сығайлар.

Осы орайда Әділет министрлігі «жеке сот орындаушыларының кәсіби деңгейі төмен» деп отыр. Бұл «атқарушылық іс жүргізуде тараптар құқықтарының бұзылуына әкеп соғады».

«Мамандыққа кіру тым қолжетімді. Атқарушылық іс жүргізу туралы заңның 142-бабына сәйкес, бірнеше санаттағы тұлғалар ЖСО болса,  аттестаттаудан және тағылымдамадан өтуден босатылады. Бұлардың арасында Жоғары сот кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясында біліктілік емтиханын тапсырған, сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және облыстық соттың жалпы отырысының оң пікірін алған адамдар бар. Бұдан бөлек, экс-судьялар, прокурор немесе тергеуші лауазымында кемінде 5 жыл жұмыс істеген адамдар да осындай артықшылыққа ие. Алайда аталған адамдар атқарушылық іс жүргізу бойынша білім мен практикаға толыққанды ие емес. Бұл олардың заң нормаларын дұрыс қолданбауына соқтырады. Осыған байланысты олардың іс-әрекеттеріне шағымдар уәкілетті органға да, соттарға да көптеп түседі», – деген түсініктеме берді Әділет министрлігі.

Әрине, заң ЖСО-ларды өз қызметін жүзеге асыра бастағаннан кейін 6 ай ішінде, кейінірек – 3 жылда 1 рет атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша Республикалық палата бекітетін бағдарламаларға сәйкес, кәсіптік оқытудан өтіп тұруға міндеттейді. Алайда заң оқытудан қашықтан өтуге мүмкіндік береді. Бұл көзбояуға соқтыруы ықтимал.

Оның үстіне министрлік заңнама жылда, ұдайы өзгеріп отыратын жағдайында 3 жылда бір рет өту «кәсіби деңгейді ұстап тұру үшін жеткіліксіз» деген байламға келді. Мысалы, дамыған елдерде ЖСО-лардан бастапқы және міндетті үздіксіз оқудан өту талап етіледі.

Үкімет тартқан халықаралық сарапшылар «Қазақстанда бастапқы даярлық жоқтың қасы, салдарынан ЖСО-лар мамандыққа кіргенде алдымен даярлықтар өтпейді» дейді. Сондай-ақ оларды Қазақстанда осы істегі практикалық тәжірибесі жоқ кез келген адамның, мысалы, тергеушінің ЖСО-ға айнала алатыны қайран қалдырыпты.

Ақыр соңында, Қазақстанда «жеке сот орындаушысы» деген ұғым жойылуы мүмкін. Әділет министрлігі Үкіметке осындай ұсыныспен шықты. Оның байламынша, ЖСО ұғымын қайта қарап, өзгерту қажет.

«Мемлекет сот актілерін орындау жөніндегі мемлекеттік функцияны ЖСО-ға берді. Алайда олардың атауында «жеке» сөзі болғандықтан, қоғам оларды қара басын ойлайтын, баюды көздейтін жеке тұлғалар ретінде қабылдайды. Көптеген азамат ЖСО-ны «рэкетир» деп атайды немесе оларды коллекторлармен шатастырады. «Жеке» деген термин алғаш рет Болгарияда жеке орындаудың жаңа жүйесін енгізу кезінде қолданылды. Кейін Албания, Грузия сияқты елдер қабылдады. Халықаралық сарапшылар «жеке» терминін қолдану – халық арасында сенімсіздік тудыратынын және билік органдарымен өзара іс-қимыл кезінде кедергілерге себепкер болатынын атап өтті. Сот орындаушыларына мемлекет уәкілеттік берді. Олардың қызметі қоғамдық сипатқа ие. Атауы да соған сәйкес келгені жөн», – деп дәйектеді ведомство.

ЖСО-ны жаңаша атау мәселесі әзірге пысықталуда.

Айта кету керек, қазіргі кезде елімізде 2200-ден астам ЖСО бар.

Жанат Ардақ