БҮЛДІРШІНДЕРГЕ МЕРЕКЕЛІК СЫЙ ТАРТУ ЕТТІ

700

Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 1 маусым балаларды қоғау күніне орай «Балалық шақ – бақытты аспан астында» атты қайырымдылық концерті өтті, деп хабарлайды қалалық ақпараттық-коммуналдық орталыққа сілтеме жасаған «ardak.kz» ақпараттық агенттігі. Концерт қоғамдағы ерекше балалардың және олардың ата-анасының көңіл-күйін көтеру және дарынды бүлдіршіндерді көпшілікке таныту мақсатында ұйымдастырылып отыр.

— Халықаралық балаларды қорғау күні — бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап ғана қоймай, олардың құқығын қорғап, қамқор болуға үндейтін күн. Бүгінгі концертке «Жігер» қоғамдық бірлестігі мен №7 оңалту орталығының бүлдіршіндері қатысты. Концерттік бағдарлама барысында балаларға көтеріңкі көңіл-күй, ерекше сыйлықтар сыйлап, тәттілермен қуантпақпыз. Әл-Фараби ауданында 180 мүмкіндігі шектеулі бала бар, — дейді Әл-Фараби аудандық жастармен жұмыс жүргізу бөлімінің маманы Қайыржан Қайратұлы.

Салтанатты шара барысында демеушілердің қолдауымен ерекше балаларға базарлық үлестірілді.

— Бүлдіршіндердің жүзінен күлкі көру — біз үшін бақыт. Осы мақсатта игі бастаманы қолдап, бірқатар азаматтар бүгін салтанатты шараға қатысып, өз үлестерін қосты. Олардың балаларға деген қамқорлығы ерекше қуантып отыр, -дейді іс-шара демеушілерінің

бірі Айгүл Кеңесқызы.

Әуезді ән шырқалып, мың бұралған бишілердің өнеріне тәнті болған балалар мерекелік концерттен ерекше көңіл-күйде тарқасты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялаған болатын. Бұл туралы Қазақстан халқына арналған жаңажылдық үндеуінде айтты.

«Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек», – деді Президент.

Президент балаларға ерекше көңіл бөлу керек екенін жеткізді.

 

А.Мұхтарова