Жас қылқалам шеберлерінің байқауы өтті

1262

Қала күніне орай Арбат алаңында «Қайырымды қала құшағында» атты жас қылқалам шеберлерінің байқауы өтті. Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауы және Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастырумен өткен байқауда 20-ға жуық қылқалам шебері бақ сынады. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған байқауға қатысушылардың қатары қалың. Көбінде шаһар кітапханаларының жас оқырмандары шақыртылыпты.

Байқаудың басты мақсаты- жазғы демалыс барысында балалардың бос уақыттарын тиімді пайдалана отырып,  жас таланттарды ынталандыру  көзделген. Осы орайда, қала кітапханаларының жас оқырмандарына ұсыныс  айтылып, олардың арасында бейнелеу өнеріне бейімділері бүгінгі байқаудан төбе көрсетті. Солардың бірі, Қарақат Жаңабай қалалықтар көбірек табан тірейтін жерді қағаз бетіне түсіруде.

Мегаполистің мәдени орындарын қағаз бетіне түсірген  жас қылқалам шеберлері, өздерінің ұшқыр қиялдарын ұштастыра отырып әрлеуде. 20-ға жуық жас таланттың басын қосқан бұл байқау, келесі жолы ауқымды түрде ұйымдастырылады деп күтілуде. Өйткені, қатысуға ниет білдіргендердің қатары күн санап артқан көрінеді.

«Қайрымды қала құшағында!» жас суретшілер байқауында жүлделі орындар бекітілген. Бұл ретте, елімізге белгілі суретшілер мен мүсіншілер балалардың көпшілік алдында үш сағат бойы жасаған жұмыстарын бағалайтын болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – талантты, дарынды мектеп оқушыларына қолдау көрсету, оларды ынталандыру. Байқауда жас суретшілер шырайлы 2200 жылдық тарихы бар қаламыздың бейнесін салды. Қазылар алқасының шешімімен Арайлым Жұматова — бірінші орын, Ерен Жұмат — екінші орын, Нурила Амангелді — үшінші орын алды. Жеңімпаздарға алғыс хат пен сертификат табысталды.

Қала күніне орай ұйымдастырылп жатқан  ісшараларға қала тұрғындары белсенділік танытып қатысуда. Мерекелік шаралар әлі де жалғасын табады.