М.ӘЙТЕНОВ ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

835

Бүгін Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов Еңбекші ауданы тұрғындарымен есепті кездесуін өткізді. Кездесуге зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, азаматтық қоғам өкілдері, құқық қорғау органдары мен басқармалардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Биылғы жылдан бастап Президент Жарлығына сәйкес әкімдердің халықпен кездесуі жаңа форматқа көшті. Осыған сәйкес қала әкімі тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізуде. 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткізген-ді. Онда тұрғындардан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалып, 316-ы жыл соңына дейін орындалуы күтілуде. Ал, 184 мәселе ұзақ-мерзімді шешім қажет ететіндіктен 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген.

Сонымен қатар, әрбір ауданнан Қоғамдық бақылау кеңестері құрылып, әр сенбі сайын жоспардың орындалуын талқылап отырды. Олар бекітілген аумақта қандай жұмыстардың, қашан атқарылатыны туралы тұрғындарды ақпараттандыруда.

Шаһар басшысы 6 айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, жоспарларды баяндады:

Ауыз сумен қамту үшін 8 нысанның, кәріз жүйесінде – 19, электрмен жабдықтауда – 16, газдандыруда — 18 нысанның құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде ауыз сумен қамту деңгейі – 99%, кәрізбен қамту – 60%, электрмен қамту – 99%,  табиғи газбен қамту – 94,7% жететін болады.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестігі аясында 102 көшеге жарық тарту жұмыстары аяқталып, жарықтандыру деңгейі 43 пайыздан 57 пайызға жетеді.  Көлік кептелісін азайтып, жолдардың сапасын жақсарту мақсатында, 352 шақырым жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары, 2 жолайрық құрылысы жүргізілуде. 2025 жылға дейін 3 жолайрық, 2 транзиттік айналма жол, А-2 автомобиль жолын қайта құру және Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылады. Нәтижесінде, жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 2022 жылы 64,7 пайыздан 2025 жылы 79 пайызға жетеді.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қосымша бір мыңға жуық бейнебақылау камераларын (2021 ж. – 3 177 камера), заманауи 9 мобильді полиция бекеті орнатылып жатыр. Нәтижесінде 6 айда жалпы қылмыстардың саны 18,8 пайызға азайды.

Мегаполис болғалы қала бюджеті 4 есеге артты. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында «Халық қатысатын бюджет» жобасы жақсы тәжірибеге айналды. Өткен жылы 55 жобаға 1,2 млрд.теңге іске асыруға 3,9 млрд.теңге қаржы бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артты.

Кездесу соңында қала басшысы тұрғындар сауалдарына жауап берді, сұрақтар хаттамаға енгізілді.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі