КОВИДТІҢ ЖАҢА ТОЛҚЫНЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

931
Шымкент қаласында коронавирус инфекциясының жаңа толқынына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Шаһарда вакцина қоры жеткілікті. Ендігі ретте тұрғындар екпе алып, жауапкершілікті сезінуі тиіс. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан қаладағы бірқатар медициналық мекемелердің дайындығын тексеріп, жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында КВИ жұқтырған 32 науқас ем қабылдап жатыр. Науқастардың жағдайы тұрақты. КВИ жұқтырған азаматтарды емдеуге барлық жағдай жасалған. Дәрілік заттардың 2 айлық қоры бар. Шыңғыс Мұқан ауруханадағы жаңадан салынған оттегі тарату стансасының жұмысымен танысып, дәріхана қорын аралап көрді.
Қалалық №5 емханада тиісті жұмыстар атқарылуда. Онда күніне 50-ден астам адам ревакциналаудан өтеді. Шыңғыс Жұмабекұлы мекемедегі вакциналау бекетін және ситуациялық орталықтың жұмыс барысын бақылады. № 3 қалалық емханада да вакциналау қарқынды жүргізілуде.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласында да коронавирус инфекциясын жұқтырғандар анықталып отыр. Қалада вакцина қоры жеткілікті. Қажетті төсек-орындар дайындалды.
Қала әкімінің бірінші орынбасары медициналық мекеме басшыларына вакциналау жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды тапсырды. Екпені халыққа дұрыс түсіндіріп, тұрғындардың өз еркімен егу керек. Вакциналау жұмыстары құқық қорғау органдары тарапынан қатаң тексерілуде.
Індетпен күреске қаламыздағы емханалар да қамданып отыр. Эпиджағдайға байланысты қауіпсіздік шараларын күшейтіп, вакцинация жұмыстарына қарқынды кіріскен. Алайда, қала әкімінің бірінші орынбасары жауаптыларға екпе егу кезінде көзбояушылыққа жол бермеуді қатаң тапсырды.
Бүгінде үшінші мегаполис жасыл аймақта. Дегенмен, дертке салғырт қарауға болмайды. Мамандар да, тұрғындарға сақтық шараларын сақтап, мейлінше көпшілік орындарға бармауға кеңес береді. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген дұрыс, — дейді Шыңғыс Жұмабекұлы.