Түркістан қаласында құрылыс жүргізуші мердігер компаниялар әлеуметтік қолдауға мұқтаж 4 отбасына баспана салып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осыдан біршама уақыт бұрын қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков қиын жағдайда күн кешіп жүрген жандарды үймен қамтамасыз ету туралы бастама көтеріп, құрылысшыларға ұсыныс жолдаған болатын. Соның негізінде бүгін 4 отбасы қуанышқа кенелді.
«Бүгін біз өнегелі істің куәсі болып отырмыз. Ел ішінде: «Жамандық пайда етпейді, жақсылық зая кетпейді» деген қанатты сөз бар. Қайырымды болу – адамның болмысына біткен ізгі амал. Маңайыңдағы адамдарға мейірімділік пен ізгілік таныту – адамгершіліктің белгісі. Ал, адамзаттың барлығына «бауырым» деп қарау Абайдан қалған өсиет. Осы өсиетке адалдық танытып, бүгінгі игі істің бастамашысы болған қаламыздағы құрылысшылар қауымына шынайы алғысымды білдіремін! – деген Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков баспана кілтін жаңа иелеріне тапсырды.
Әр отбасына ұсынылған үй үш бөлмеден тұрады, баспаналар қажетті жиһазбен тұрмыстық техникалармен қамтамасыз етілген,
Мерекелік жиын барысында құрылыс саласының үздіктері марапатталды.